МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданының әкімі тағайындалды

Аққайың ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметке Рүстем Елубаев лайықты деп танылды. Жаңа басшы аудан активіне таныстырылып, оған бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Өңір басшысы ұсынған Рүстем Елубаевтың кандидатурасын аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Кейін аудан активінің жиыны өтті. Жаңа әкімді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов таныстырды. Ол атқамінерге бірқатар тапсырмалар беріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қолға алуды жүктеді.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан басшылығының алдында бірқатар міндеттер жүктеді. Ауыл шаруашылығы негізгі ресурс екенін біз жақсы білеміз. Бұл жайында мемлекет басшысы өзінің жолдауында айтқан болатын. Сол үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің төмендеуіне жол бермеу керек. Тағы күзгі жинау жұмыстарын уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, өңір басшысы мал шаруашылығы мен ауданның әлеуметтік әл-ауқатын дамытуды қолға алуды тапсырды.

Бұл жүктелген тапсырмаларды аудан тізгінін қолға алған жаңа әкім Рүстем Елубаев орындауға әзір.

Рүстем Елубаев – Аққайың ауданының әкімі:

– Барлық тәжірибем мен білімімді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламаларын орындауға және Аққайың ауданының әлеуметтік әл-ауқатын асыруға жұмсаймын.

Рүстем Елубаев 1969 жылы кезіндегі Көкшетау облысы Қызылту ауданында дүниеге келген. Жалпы еңбек өтілі – 27 жыл. Ол еңбек жолын агроном болып бастаған. Кейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, Уәлиханов ауданының әкімі, 2009-2013 жылдары Аққайың ауданының басшысы болып қызмет еткен. Сондай-ақ, Республикалық фитосанитарлық және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиалының директоры болған.

Бердимурат Баймухан