Қоғам

Ауылдық үкіметтік емес ұйымдарға арналған қаржылық грант

Қағаз жүзінде бар, бірақ іске келгенде белсенділіктері өте төмен. Бұл өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарға қатысты айтылып отыр. Олардың саны облыс бойынша 500-ден асады. Бірақ, жобаларды жүзеге асырып, қоғамға пайдасын тигізіп жатқандардың үлесі аз. Әсіресе, ауылдық ұйымдардың арасында. Олар мұны қаржының жоқтығымен байланыстыруда. Осы орайда «Молодежь за ЗОЖ» қоғамдық бірлестігі елді мекендегі үкіметтік емес ұйымдардың арасында гранттар байқауын өткізді.

Кадр тапшылығы мен қаржыландырудың жоқтығы. Бұл елді мекендерде жұмысын жүргізіп жатқан қоғамдық бірлестіктердің басты проблемалары. Аталған тізбекке қалалық үкіметтік емес ұйымдардың ауылдарға барып, мемлекеттік тапсырыстың таласына түсетіні тағы қосылады. Осылайша, еңбектенуге ниеті бар, бірақ мүмкіндігі аз жандар белсенділігі төмендердің қатарына еніп кетеді. Бірақ, залға жиылғандардың ынтасы жоғары.

Лидия Грабарь – «Молодежь за ЗОЖ» жастар ҚБ төрайымы:

– Ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған конкурсты маусым айында қолға алдық. Шілденің 16-сы байқаудың алғашқы кезеңі бастау алды. Біз елді мекендерді аралап, бірлестіктердің өкілдерімен жүздестік. Шара туралы баяндап, ұйымдарын дамытуға қажетті тетіктерді де айтып бердік. Ал, енді тіркелгендердің арасынан маңызы зор, әлеуметтік жобаны ұсынған жандарды таңдаймыз.

Ұйымдастырушылардың сөзінше ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың арасынан, әсіресе Ғ.Мүсірепов, Аққайың мен Қызылжар аудандарының жастары белсенділік танытады екен. Соңғылары бұны тағы бір мәрте дәлелдеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар бірлестігінің төрайымы Вильдана Қожахметова байқауға екі бірдей жобасын ұсынуда. Бірі – жарымжан азаматтардың отбасыларына арналған фотосессия. Нәзікжанды 15-ке жуық жанұяны қамтуды жоспарлап отыр. Араларынан бұл өнерге қызығушылық танытқарды іріктеп, фотоға түсірудің қыр-сырын үйретпек. Осылайша, бірнеше мүгедек адамды шама-шарқынша жұмыспен қамтимыз дейді. «Жаңа өмір – жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын екінші жобасы одан да ауқымды.

Вильдана Қожахметова – “Қызылжар аудандық мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам” ҚБ төрайымы:

– Жоба арқылы мүмкіндігі шектеулі әйелдер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және тұрмыстық зорлық-зомбылықта болған немесе соны әлі де көріп жүрген нәзікжандылар қамтылады. Біз оларды оқытып, тиісті сертификат береміз. Кейін олар сұлулық салондарында визажист және шаштараз болып жұмыс істей алады. Біз жобаға тағы психологты шақыртамыз.

Бастама туралы идея Вильдана Қожахметоваға осыдан бір жыл бұрын келіпті. Өзі де сән саласының маманы болғандықтан, нәзікжандылардан түрлі оқиғаларды жиі еститін көрінеді. Сондай әңгіменің бірі оған  қазіргі қыз-келіншектерді өздерін сұлулықтың символы ретінде сездірту қажет деген ой салыпты.

Вильдана Қожахметова – “Қызылжар аудандық мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам” ҚБ төрайымы:

– Біздің ауданда мұндай санаттағы 2500-дей адам бар. Біз оларға көмек көрсетіп, ештеңеден қорықпау қажет дегіміз келеді.

Жаңа өмірге қадам басу үшін жаңа мүмкіндікті 20 нәзікжанды иелене алады. Осындай үлкен істің алғашқы кірпішін қалау үшін Вильданаға бас жүлде – 700 мың теңгелік қаржы гранты берілді. Екінші орын – Жамбыл, үшінші – Ғ.Мүсірепов аудандарының өкілдеріне тиесілі. Қаражатты бірлестіктер екі айдың ішінде игеріп, бастаманы іске асырулары қажет.

Эльмира Садвокасова