МТРА жаңалықтары

Петропавлда киім ұрлаған 2 адам ұсталды

Петропавлда қос ұры құрықталды! Екеуі де сауда орындарындағы манекенде тұрған киімдерді жымқырған. Қылмыстарды ізін суытпай ашуда бейнебақылау құрылғыларының пайдасы тиген.

Жақында мына видео әлеуметтік желіде таралды. Онда тепсе темір үзетін азаматтың сауда үйінде тұрған манекеннен көйлекті шешіп алып, белгісіз бағытқа бет алғаны анық көрініп тұр. Мұны полицейлер байқап, қолының қыспасы бар жігітті іздеуге кіріседі. Көп ұзамай табады. Ол 37 жастағы бұрын ұрлық жасап сотталған петропавлдық болып шықты. Заң бұзушы кінәсін толық мойындады. Және тергеу барысында құны 7 мың теңгеден асатын тауарды сатып жібергенін де мәлімдеді.

– Проходил мимо, зашел купить носки. Захожу на второй этаж – вижу манекен, никого нету. Снял платье и ушел. Перешел дорогу и продал девушке за две с половиной тысячи.

Айта кеткен жөн, тәртіп сақшылары қылмысты жәбірленуші тараптан өтініш түскенше дейін ашқан.

Арман Тоқжанов – Петропавл қаласы ПБ бірінші полиция бөлімінің аға тергеушісі:

– Орын алған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Қазір дереккөздер жинастырылып жатыр.

Бірақ, көп ұзамай қылмыстық іс тоқтатылды. Жәбірленуші тарап пен заң бұзушы өзара ымыраға келіпті. Ал ұрланған зат дүңгіршек иесіне қайтарылған. Полицейлер тұрғындарды бейнебақылау құрылғыларын орнатуға шақырады. Себебі, қондырғылар қылмыстың ізін суытпай ашуға көп көмегін тигізеді. Мысалы, жақында теріскейлік мамандар камера арқылы тағы бір ұрыны құрықтады. 80-шы жылы туылған азамат қаладағы сауда үйлерінен бірінен спорттық киім жымқырған.

Байболат  Култанов