Спорт

Балалар арасында үлкен теннистен қала біріншілігі өтті

Кішкентай теннисшілер бас қосты. Өткен сенбі күні 50-ге жуық балғын қала біріншілігіне қатысып, өзара үздікті анықтады. Әзірге, жас ракеткашылардың аяқ алысы жаман емес дейді ұйымдастырушылар.

Алаңға алғашқылардың бірі болып Виталина Домаева шықты. Оның тенниспен айналысып жүргеніне 5 айдан асыпты. Қарсыласы Абылайдың да спорттың осы түріне қызыққанына көп болмаған екен. Дегенмен, бүгін Виталинаның асығы алшысынан түсті. Ол алғашқы кездесуді 10-8 есебімен жеңіспен аяқтады.

Виталина Домаева, турнирге қатысушы:

– Жарыс басталмай тұрып ұтылып қаламын ба деп қобалжыдым. Қазір оның бекер екенін түсіндім. Алда тағы бірнеше ойын бар. Оны да осындай жақсы нәтижемен аяқтаймын деген ойдамын.

Ал Жеңіс Омаров – Нұр-Сұлтан қаласының тумасы. Оның үлкен тенниспен айналысып жүргеніне 2 жылдан асыпты. Балғын бұған дейін осы сынды бірнеше жарысқа қатысқан екен, бірақ жүлдегерлер қатарынан көріне алмапты. Қазір Жеңістің алға қойған мақсаты айқын. Ол болашақта Но́вак Джо́кович сынды әлемнің бірінші ракеткашысы болуды армандайды.

Жеңіс Омаров, турнирге қатысушы:

– Бұл – менің осы жарыстағы алғашқы кездесуім. 6 да 2 есебімен бірінші ойында ұттым. Тартыс қиынға соқты деп айта алмаймын. Себебі, қарсыласымның тенниспен айналысып жүргеніне 1-ақ ай ғана болған.

Турнирдің жеңімпазы бен жүлдегерлеріне диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілмек.

Хайролла Нұртазин, турнирдің бас төрешісі:

– Жарысқа қатысушылардың басым бөлігінің тенниспен айналысып жүргендеріне 7-8 ай ғана өтті. Осындай сайыстардың арқасында олар аздап үйренген айла-тәсілдерін шыңдайды. Өзара тартысқа түсіп, бір-бірінің осал тұстарын байқайды. Кейін осы бойынша жұмыс істейтін болады.

Жалпы, үлкен теннистен қалалық біріншілік өңірде осымен 3-ші рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар балаларды келесі жылдың басынан өзге қалаларға апарып, жарыстарға қатыстырмақ ниетте.

Ақтолқын Солтанханқызы