Балалар

Баланың зейінін смартфоннан сабаққа қалай аудартуға болады

Оқушының мектеп қабырғасында оқулыққа емес, телефонға телміруі – өзекті проблема. Оны шешу жолдары облыс ұстаздарына арнайы семинарларда түсіндіріліп жатыр. Мұндай оқыту шараларын “Мир без границ” бірлестігі өткізуде. Семинарлар / жоспарланған теріскейлік 15 мектептің, әзірге 7-уінде жүргізілген.

Мектеп қабырғасындағы қазіргі үзілістерді бұрынғыларымен салыстыруға тіпті келмейді. Сабақтар арасындағы бос уақыттарын балалар бүгінде телефонға телміріп өткізгенді жөн көреді. Шыны керек, екі оқушының бірінде қазір интернетке қосылған смартфон бар. Гаджеттерінен олар үйде де, мектепте де айырылмайды.

Арлан Қабден:

– Маған спортты қараған ұнайды инстаграмнан. Мен спортты ұнатамын. Танки ойнаймын компьютерден.

Смартфонды мектепке әкелуге тыйым салынбаған. Бірақ, мұндағы алуан түрлі онлайн-ойындар мен әлеуметтік желілер баланың білім алу процесіне кедергі келтірмеуі керек. Өйткені, гаджеттердің көпшілікке белгілі пайдасынан бөлек, зияны да бар емес пе?!

Любовь Трошина – “Мир без границ” ҚБ тренері: 

– Біріншіден, баланың жүйке жүйесі бұзылады. Ол жат қылықтарға әуес бола бастайды, қызбалыққа тез салынады. Мәселен, әлеуметтік желіде көп отыратын бала лайк жинау арқылы өзін танымал сезінеді. Сондықтан, оның шынайы өмірге деген қызығушылығы төмендейді. Уақыт өте келе ол сыныптас-достарымен көзбе-көз сөйлесудің орнына, олармен чат арқылы араласқанды құп көретін болады.

Педагог-психолог Любовь Трошинаның бұл сөздеріне желідегі мына жан түршіктірерлік кадрлар айқын дәлел.

Міне, тиісті бақылаудың болмауы осыған әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан, ата-ана – үйде, ал мұғалімдер мектепте баланың телефонды шамадан тыс қолданбауын бақылауы тиіс. Өйткені, басымен виртуалдық әлемге кіріп кеткен оқушының сабаққа тіпті зауқы болмайды. Бұл – ақиқат!

Баланың назарын смартфон экранынан тақтаға қалай аударуға болады? Әдіс-тәсілдерді мұғалімдер арнайы семинар барысында меңгеруде. Мамандардың сөзінше, ең ұтымды жол – балаға виртуалдық ойын-сауықтың шынайы баламасын ұсыну.

Любовь Трошина – “Мир без границ” ҚБ тренері:

– Егер бала интернеттен кітап оқығанды ұнататын болса, оған ең қызықты деген шынайы кітапты ұсыну керек. Егер бала онлайн-ойындарға әуес болса, мұғалім одан да қызықты шынайы ойындарды ойлап табуы тиіс. Семинарда олардың бірнеше нұсқасымен бөлісемін. Бала телефонды іші пысқанда қолына алады. Яғни, мектепте оның ішін пыстырмау керек.

Қызықты сабақтар мен темірдей тәртіп – бала зейінін оқу процесіне аударудың ескі болса да, пәрменді тәсілі. 23-ші мектептің тарих пәні мұғалімі Ирина Загаевская сабақ барысында балаларға смартфон қолдануға рұқсат етемін дейді. Бірақ, гаджетті олар тек ақпарат алу үшін ғана пайдалануы тиіс.

Ирина Загаевская – №23 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:

– Интернетте ақпарат көп. Бұл жерден балалар белгілі бір тарихи тұлғаның өмірбаянын еш қиындықсыз таба алады. Әсіресе, жаңартылған білім беру мазмұны аясында бұл өте ыңғайлы. Бірақ, гаджеттерге сабақтың тек аз ғана бөлігін арнауға тырысамын.

Ұстаздар қауымы психолог маманды ұйып тыңдадық дейді. Өйткені, смартфонға қатысты мәселе кез келген мектепте өзекті. Мұндай семинар – өңірдегі қоғамдық бірлестіктердің бірінің бастамасы. Білім басқармасымен бірлесе отырып ұйым 15 теріскейлік мектепті таңдаған. Бұл білім ошақтарының мұғалімдеріне тиісті кеңестер беріледі.

Саят Ермек