Аптадағы маңызды жаңалықтар

Азаматтарды ашық қабылдау өтті

Бірнеше жыл бойы шешімі табылмай жүрген проблемалар тыңдалды. Петропавлда азаматтарды ашық қабылдау өтті. Шараға басқарма басшыларынан бастап, аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа дейін қатысты. Теріскейліктер атқарушы билік өкілдеріне барлығы 105 сұрағын жеткізген. Жерлестеріміздің 40-қа жуығын өңір жетекшісі қабылдады.

Кенжеболат Смаилов – 21-ші ғасырдың көшпендісі. Алайда, бұл – қарияның таңдаған өмір салты емес. Жасы 80-ге таяған қала тұрғыны – 5 баланың әкесі. Өз уақытында әрбір бауыр етін оқытып-тоқытып, жоғарғы біліммен қамту үшін ол шаһардағы пәтерін сатыпты. Ұл-қыздары әкелері кезінде армандағандай қазір бір-бір мамандық иелері. Нұр-Сұлтан, Ақтау мен Петропавлда тұрады. Бірақ, ақсақалдың барар жері, басар тауы жоқ.

Кенжеболат Смаилов – қала тұрғыны:

– Кейде Ақтауда, кейде астанада, кейде вокзалда тұрамын.

Құмар Ақсақалов Петропавлда тұратын ұлын тауып, мәселені шешуге тырысатындығын жеткізді. Ақсақалдың жағдайын қалалық әкімдік пен аймақ басшысының өзі бақылауда ұстайтын болады. Қоғамдық қабылдауға келгендердің денін үй мәселесі мазалайды. Жыл сайын шаһарда тұрғызылатын баспаналардың саны артқанымен, сұрақ әлі де өзекті болып қала бермек. Пәтер кілтін иеленуден, әсіресе, көп балалы және жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үмітті. Аталған санатта кезінде сынақ алаңында Отан алдындағы әскери борышын өтеген азаматтар да бар. «СҚО Семей полигоны» қоғамдық бірлестігіне 142 адам мүшелік етеді. Солардың 5-уі баспанаға аса мұқтаж. Қазір отбасылар пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Айына олар 60 мың теңгедей қаржы төлейді екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздердің льготаларыңыз бар. Жыл сайын 2-3 үй саламыз. Келесі жылы төрт 9 қабатты үй беріледі. Сонда сіздерге де пәтер берілуі тиіс.

Осы ретте аймақ басшысы қоғамдық бірлестік төрағасы Асхат Төлепбергеновке қалалық әкімдікпен тығыз жұмыс істеу қажеттігін айтты. Себебі, азамат полигонда болған қалалықтардың мұң-мұқтаждарын жақсы біледі. Виктор Никоновтың проблемасы 2012 жылы басталыпты. Содан бері қалалық әкімдік, банк пен соттың табалдырығын тоздырып жүр. Әлі күнге дейін әділдік таппай қойдым дейді.

Виктор Никонов, қала тұрғыны:

– 2012 жылы менің 10 соттық саяжайымды сүріп тастады. Аумағында жазғы үй де болатын. Қалалық әкімдік жер үшін өтемақы төлеуі тиіс еді. Мені БТА банкіне жіберді. Олар ақшамды бермеді. Сөйтіп, құр алақан қалдым. Білуімше, көршілеріме өтемақы төленді.

2 млн 200 мың теңге. Бұл – саяжай үшін төленуі тиіс өтемақы. 7 жылдың ішінде Виктор Никонов бір тиынын да ала алмапты. Мәселенің ара-жігін облыс әкімі ажыратып берді. Сөйтсек, Царев деген бизнесмен «Динамо» саяжайшылар қоғамынан 15-ке жуық учаске сатып алып, баспана тұрғызбақшы болған. Қағаз жүзінде жер иелерімен еш келісімге отырмапты. Іскер жан үйлерді сүру үшін, БТА-дан несие алған. Алайда, кейін ісі жүрмей, қарызы үшін темір торға тоғытылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздер прокуратура мен сотқа арыз жазыңыздар. Кезінде ауызша келіссөз жүргізгендеріңізді дәлелдей алатын куәгерлерді табыңыздар. Қалалық әкімдіктің еш кінәсі жоқ. Барлығы – Царевтың кесірі. Ақшаларыңызды да сол қайтаруы тиіс.

Маргарита Кучеренконың әрбір күні өліммен арпалыс. Нәзікжанды бас миының қатерлі ісігіне шалдыққан. Обырды жеңу үшін оған химиотерапия алып, арнайы препараттарды ішу қажет. Бар проблема да – осында. Алғашқы химиятерапияны ол Ресейдің Омбы қаласында алыпты.

Маргарита Кучеренко, қала тұрғыны:

– Алғашқы химиотерапияны Ресейдің Омбы қаласында алдым. Онда маған Темодал дәрісін берді. Кейін емді Қазақстанда жалғастырдым. Мұнда маған ТемоЭл-ды тағайындады. Ол ағзама жақпай, аллергия басталды. Тегін дәрі-дәрмек тізімінде осы болғандықтан, амал жоқ. Лоқсу мен аллергияға қарсы препараттармен бірге қабылдауға тура келеді.

Ресейде қабылдаған дәрілердің бағасы арзан емес. Нәзікжандының қалтасы көтермейді екен. Ем болу үшін препаратты 6-7 ай тоқтаусыз қабылдау қажет.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Фармация комитеті қазір сізге қажет препараттың тегін дәрі-дәрмек тізіміне енуін қарастыру үстінде. Біз өз тарапымыздан оларды сұрақты тезірек қарауын сұрай аламыз. Мемлекетте қаражат бар. Мәселенің біржақты етілуі клиникалық шешімге байланысты шығарылады.

Жақыповтар отбасын екі бірдей мәселе алаңдатады. Бірі Жаннаның ұлы – 10 жастағы Исмаилға қатысты. Балғын жүрек ақауы дертіне шалдыққан.

Жанна Жақыпова – қала тұрғыны:

– Балама ота жасатқаннан кейін оған әзер дегенде мүгедектікті тағайындады. Ай сайын жәрдемақы алып отырдық. Бірақ, жарты жыл өтер-өтпестен бізді тізімнен алып тастады. Неге екенін түсінбей-ақ қойдым.

Құмар Ақсақалов бұл сұрақты тиісті орган өкілдеріне жолдап, шешілуін назарда ұстайтынын жеткізді. Кейін өтінішін Майра Жақыпова баян етті. Оның баласы Солнечный кентінде тұрғызылған жер үйлердің бірін иелену үшін байқауға қатысыпты. Баспана кілтін қолына алуға бір кедергі бар. Әзірге, шотындағы қаржы жетіспейді. Ал әкімдіктегілер ақшаны тездетіп салыңыздар дейтін көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әлі уақыт бар. 2 айдың ішінде ақшаны жинап үлгереміз деп отырсыздар. Қалалық әкімдік сіздерді тездетпейді. Уайымдамаңыздар.

Александр Морев – Интернационал көшесіндегі 4-үйдің тұрғыны. Алайда, өз пәтерлерін олар ақпан айында болған жарылыстан бері паналамайды екен. Қазір өзге баспананы жалға алып тұрып жатыр. Әкімдік өз тарапынан барлық жөндеу жұмыстарын жүргізген. Себеп – басқада.

Александр Морев – қала тұрғыны:

– Менің балам пәтерде тұра алмайды. Оның психикасына зақым келді. Жарылыс болғанда ол бас сүйек-ми зақымын алды. Шошып қалды. Ұлым небәрі 5 жаста ғой. Жөндеу аяқталғаннан кейін қайтып едік, Богдан ұйықтай алмайтын болды.

Енді Александр Морев өз пәтерін әкімдік балансына өткізіп, басқасын беруді өтінуде. Жаңасына үміттенбеймін дейді. Бастысы – ұлы үшін жайлы болса болғаны.

Қайрола Ғалеев – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Азамат пәтер кезегінде тұрған жоқ. Сондықтан, оған қазір үй бере алмаймыз. Өз баспаналары тұруға жарамды деп танылды. Баласының психикасына зақым келгендіктен, арнайы комиссия құрамыз. Заңды түрде қандай әрекет жасай алатынымызды қарау қажет.

Таңғы 10-да бастау алған шараға барлығы 105 теріскейлік қатысып, медицина, білім, тұрғын үй мен әлеуметтік салаларға қатысты базыналарын жеткізді. Келгендердің 38-ін өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың өзі жеке қабылдады.

Эльмира Садвокасова