Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жемқорлықтың жолын тыю

Бүгін Петропавлда сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында білім беру саласындағы парақорлық мәселесі талқыланып, бармақ басты, көз қыстылықтың алдын-алу жолдары сөз болды.

Жемқорлық – елімізде өткір тұрған проблемалардың бірі. Әсіресе, білім бағытында. Себебі, өткен жылы бұл салада парақорлық фактісі ең көп тіркелген екен. Статистикаға сүйенсек, бармақ басты, көз қыстылық фактілері бойынша Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары көш бастап тұр. Онда көбінесе кадрлық мәселелерді шешу, жоғары оқу орындарына түсу және емтихан тапсыру кезінде заң бұзушылық жиі тіркеледі екен.

Еркебұлан Мамбетов – “Nur Otan” партиясы филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Ал біздің өңірде соңғы 2,5 жылдың ішінде 433 парақорлық фактісі анықталған. Яғни 2017 жылы – 191, 2018-де – 117, ал үстіміздегі жылдың 6 айында 125 құқық бұзушылық орын алған. Осы орайда 250 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Оның ішінде 3 азамат – білім саласында қызмет еткендер.

2017-2018 жылдары Ұлттық ұланның Әскери институтында екі бірдей парақорлық оқиғасы орын алған екен. Заң бұзушылыққа қатысы бар деген екі азамат заң алдында қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Светлана Зайцева – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің өкілі:

– Әскери институттың қызметкерлері курсанттарға емтиханды сәтті тапсыруға көмектескен. Кейін сол үшін пара алған. Бұл оқиға өткен жылы тіркелген болатын. Ал үстіміздегі жылы бір парақорлық фактісі анықталды. Ол медициналық колледжде болған.

Тағы бір мәселе мемлекеттік сатып алуға қатысты. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Злиха Отарғазиева тұрақты түсіндіру жұмыстарының жүргізілуіне қарамастан білім беру мекемелерінің өкілдері бірдей олқылық жіберетінін айтты.

Злиха Отарғазиева – СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы:

– Биыл жүргізілген аудиторлық іс-шаралармен 8 млн теңге бюджет қаражаты қамтылған болатын. Оның ішінде 92 аудиторлық іс-шарада бұзушылықтар 1 млн 688 мың теңге анықталды. Бұл ретте бұзушылық мемлекеттік сатып алу бойынша 833 млн теңгені құрап отыр.

Осы аптада “Қызылжар – адалдық алаңы” офисінің өкілдері жатақханаларға арнайы мониторинг жасаған болатын. Нәтижесінде олардың біреуінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, нысандарды мүмкіндігі шектеулі студенттерге арнап пандуспен жабдықтау қажеттігі анықталған.

Екатерина Старостина – “Қызылжар-адалдық алаңы” жобалық офисінің жетекшісі:

– Тексеріс барысында гуманитарлық-техникалық колледж жанындағы жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек екендігі анықталды. Ол – жеке меншіктегі нысан. Қазір бұл мәселе қарастырылып жатыр. Тағы бір байқағанымыз, жатақханада тұру құны әр жерде әр түрлі.

Мәселе қоғамдық кеңес мүшелерінің қадағалауында болмақ.

Дана Ешкенова