МТРА жаңалықтары

Отандық бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов Петропавлға келді

Өңірге іс-сапармен ел кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау бойынша уәкіл Болат Палымбетов келді. ОмбудсмЕн әкімдікпен бірлесе аймақта бизнеске қатысты проблемаларды шешетін жаңа жол картасын бекітті.

Омбудсмен Болат Палымбетов ең алдымен, отандық бизнесті толғандыратын мәселелерге тоқталды. Оның сөзінше, басты проблемалардың бірі – заңның тым қатаңдығы. Қазақстандық бизнесмендер экономикалық қылмыстар үшін қолданылатын жазаны жеңілдетуді сұрап отыр. Кей жағдайда кәсіпкерлер болмашы заңбұзушылықтар үшін сотталып жататын көрінеді. Ал бұл бизнес-климатқа кері әсерін тигізбей қоймайды.

Болат Палымбетов – ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл:

– Ал сотталған адам әрі қарай бизнесін жүргізе алмайды. Өйткені, оған несие берілмейді. Қысқаша айтқанда, оның алдында барлық есіктер тарс жабылады. 2016 жылы мен Президент әкімшілігіне хат жолдап, экономикалық амнистия сұраған едім. Елбасы мұны қолдап, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай тиісті заң шығарылған еді. Сонда сотталған 650-ге жуық кәсіпкер бизнеске қайта оралған болатын.

Сондай-ақ, 2011 жылы елімізде кәсіпкерлер үшін 1115 лицензия мен рұқсат рәсімдеу үрдістері болған. Қуантары, бүгінге дейін олардың саны 800-ге қысқарып, 315-ті құраған. Бұл нені білдіреді? Енді іскер азаматтарға қажеті шамалы, басы артық рұқсаттарды алу қажет емес. Осының арқасында қазақстандық бизнес жылына 1,5 млрд теңгеге дейін үнемдеп отыр. Іскер жандарды қолдау үшін теріскейде де біраз шаруа атқарылып жатса керек. Жасалып жатқан жағдайды облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек баяндады.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бизнеске қатысты түрлі тексерістерді 30 процентке азайттық. Биылғы жылы тағы 10 пайызға қысқартпақшымыз. Апта сайын өңірлік кәсіпкерлер палатасында жиналып, бизнесмендерге құқықтық көмек көрсетеміз. Осы жұмыстардың арқасында бизнес жүргізуге жеңіл аймақтардың рейтінгісінде СҚО қазір 5-ші орында тұр.

Пайыздық ставкасы төмен несиелер, субсидиялар мен гранттар. Қолдау мен жеңілдіктердің түр-түріне қарамастан, билік пен бизнестің арасында түсініспеушіліктер жиі туындап жатады. Мұны мойындау керек. Теріскейлік бизнес өкілдерін толғандыратын түйіткілдерді жүйелі түрде шешу үшін жиында жаңа жол картасы бекітіліді.

Өңір әкімдігі мен отандық бизнес-омбудсмен қол қойған бұл құжат 4 бөлімнен тұрады. Ең алдымен жергілікті атқарушы билік пен кәсіпкерлер палатасы жер телімдерін аукцион арқылы сатуды мықтап қолға алуы тиіс. Жыл басталғалы теріскейлік бизнесмендер үшін мұндай 2 шара өтті. Бұл аукциондардың нәтижесінде оларға жалпы аумағы 3,87 гектарды құрайтын телімдер жалпы сомасы 15 млн теңгеге сатылды. Дегенмен, мұнда да бір мәселе бар.

Жеңіс Қазиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Мұндай аукциондарда шаһардың шалғай аудандары мен өндірістік аймақтағы жерлер көптеп саудаға қойылады. Ал бизнесмендерге қала орталығы мен халық көп шоғырланатын аудандарда орналасқан телімдер керек. Егер бизнес үшін қолайлы аудандардағы жерлер сатылмаса, кәсіпкерлердің аукциондарға деген қызығушылықтары жоғалады.

Жол картасының аясында цифрлық технологияларды ендіре алмай, субсидиялардан қағылып отырған шаруа қожалықтарының да проблемаларын шешу қарастырылған.

Жеңіс Қазиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– 2018 жылы Қазақстанда алқаптардың электрондық картасы енгізілді. Мемлекеттік қолдау алу үшін фермерлер өз жерлерін цифрландыруы тиіс. Бірақ, 87 солтүстікқазақстандық шаруашылық жерлерінің электрондық картасын жасай алмаған. Салдарынан олар субсидияларды ала алмай отыр. Нақтырақ айтсам, минералдық тыңайтқыштар үшін жұмсаған қаржысын мемлекеттен қайтара алмай отыр. Облыс әкімдігі бұл шаруа қожалықтарына көмектесуі тиіс. Қолдауға қол жеткізудің басқа тәсілдерін ойластырып, АШМ-ға хат жолдау керек.

Сондай-ақ, жаңа жол картасы аясында мемлекеттен жерді алып, оны игермей отырған кәсіпкерлерге қатысты тексерісті күшейту де көзделген. Нәтижесінде, болашақта бұл телімдер жұмыс істегісі келетін бизнесмендерге берілетін болады.

Саят Ермек