Қоғам

Мемлекеттік қолдаудың көмегімен кәсіп ашқан жандар

Мамлют ауданында іскер жандардың қатары көбейіп келеді. Биылдың өзінде 60-қа жуық азамат “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 108 жарым млн теңге көлемінде грант пен несие алған. Қазір олар сол қаржыға өз бизнесін ашып, істерін дөңгелетіп отыр. Бірі құс өсірсе, енді бірі қоғам сұранысына сай бизнеспен шұғылданып жүр.

Әбдіхайым Омаровтың отбасы теріскей өңіріне Шымкенттен қоныс аударған. Оның ұлы келе салысымен қол қусырып отырмай «Бастау Бизнес» жобасының аясында 1 айлық оқудан өтіп, 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант алыпты. Қолға тиген қаржыға құс сатып алып, кәсібін ашқан.

Әбдіхайым Омаров – Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Бұл істі отбасымызбен бастадық. Қаз өсіруді алғаш қолға алып отырмыз. Мына 500 балапанды 10 күндік кезінде сатып алдық. Қазір 2 айдай болып қалды.

Кең шалғында жайылып жүрген мына «Линда» тұқымды қаздар Ресейден жеткізіліпті. Балапан күйінде келген қаңқылдақтардың мұндай тұқымы кез келген ауа райына бейімді. Сақылдаған сары аяз бен аптап ыстыққа да төзімді келеді екен. Әрі арнайы орынды талап етпейді. Қазірдің өзінде қаздарға Астана, Алматы қалаларынан тапсырыс бергендер бар. «Омаров Мади» ЖК директорының айтуынша қаңқылдақтардың еті адам ағзасына пайдалы. Кәсіпкер келесі жылы құстың санын 2 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

Өз ісін бастауда мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінген жандардың тағы бірі -Строкундар отбасы. Олар көлік жөндеумен айналысады. Кәсіп ашуға «Бастау Бизнес» жобасы септігін тигізді дейді жұбайлар.

Олег Строкун жеке кәсіп ашуды 16 жыл бойы жоспарлаған. Ойын іске асыру үшін темір тұлпар жөндеуге арналған арнайы құрылғылар қажет болыпты.

Олег Строкун – «Строкун НА» ЖК басқарушысы, Мамлют ауданы:

– Биыл әйелім «Бастау Бизнес» жобасының аясында курстан өтіп, 250 мың теңге грант алды. Бұл сомаға машина жөндеуге қажет 10 тонналық гидравликалық тартқыш пен сварка автоматын сатып алдық. Осылай жаймен өз ісімізді бастадық. Кейін біртіндеп өз қаражатымызға қалған саймандарды сатып алдық. Қазір міне 3 ай болды жұмысымыз алға басып келеді. Мұның бәріне 800 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Өзім де «Бастау Бизнес» жобасы аясында курстан өтуді қолға алдым.

Нысанда 3 адам жұмыспен қамтылған. Мамандар темір тұлпардың барлық түрін жөндеуге қауқарлы. Кәсіпкер қазір жалға алып отқан ғимаратты иесінен 4 млн теңгеге сатып алмақшы екен. Ол үшін де үкімет көмегіне жүгініп несие аламын дейді.Мемлекеттік бағдарлама арқылы Сергей Жуков пен Юлия Хайрутдинова да кәсіп бастады. Мына сөреде тұрған түсі көзге тартымды көрпелер мен жұмсақ жастықтың бәрі – осы шеберлердің қолынан шыққан дүниелер.

Сергей Жуков – «Жуков СВ» ЖК директоры, Мамлют ауданы:

– 3 жыл бұрын әріптесім Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, мамық өңдейтін кәсіп ашты. Ал биыл мен «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік біліктілігімді арттырып, грантқа ие болдым. Бұл қаржыға тігін машинасын атып алдым. Қазір соның көмегімен төсек-орынның барлығын өзіміз тігеміз.

Ісмерлер қолынан шыққан дүниелердің бәрі табиғи таза әрі сапалы материалдан жасалған. Синтетика қосылмаған, гипоаллергенді мақта Ресейден әкелінеді екен. Арасында тик пен бөз маталарына да тапсырыс беріледі. Ал мамықты жергілікті тұрғындардан сатып алады.

Юлия Хайрутдинова – «Жуков СВ» ЖК тігіншісі, Мамлют ауданы:

– Бізде көрпе, жастық, орамалдың барлық түрі бар. Түстері де әр түрлі. Тұтынушылар каталог бойынша да тапсырыс бере алады. Қазір «Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алып жатырмын. Мемлекеттік грант ұтып алсам тағы бір тігін машинасын алып, арнаулы жұмыс киіп тігуді қолға алмақшымын.

Кәсіпкерлердің айтуынша өнімдер теріскей өңірінде көп сұранысқа ие екен. Мамлют ауданынан бөлек қаладан да тапсырыс берушілер күн санап артып келе жатыр дейді. Сондай-ақ, жасаған дүниелерін қаладағы дүкен сөрелеріне де қоя бастапты.

Тимур Абишев – Мамлют аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Жыл басынан бері аудан бойынша 50-ден аса азамат «Бастау Бизнес» жобасының аясында оқудан өтіп, олардың 46-сы 13 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды. Әрі соған өз кәсіптерін бастады. Қазан-қараша айларында тағы 90 адамды оқыту жоспарда бар. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы 19 адам “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылыған қаржылай қолдау қорынан 46,5 млн теңге көлемінде несие алды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту керек екенін айтты. Өйткені, ол ең алдымен, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздық санын азайтуға септеседі. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Бердімұрат Баймұқан