Ауыл шаруашылығы

120 мыңға жуық тұқы балығының шабағы Сергеев су қоймасына жіберілді

Бүгін Петропавл балық питомнигінен 120 мыңға жуық тұқы шабағы Сергеев су қоймасына жіберілді. Бұл іс әлі де жалғаспақ. Қазан айына дейін тәлімбақ қызметкерлері өңірдегі өзен-көлдерге тағы 900 мыңнан аса кішкентай балықты босатуды жоспарлап отыр.

Шабақтар жайдан-жай өзен-көлдерге жіберілмейді. Оны мамандар алдымен жіті тексеріп алады. Мысалы, орташа салмағын өлшейді. Яғни, 50 балықты алып, жеке-жеке таразыға қояды. Көрсеткіш 12 грамм немесе одан жоғары болуы тиіс. Сонда ғана су айдындарына босатуға рұқсат етіледі. Бүгін басты талап сақталды. Әрбір тұқының ауырлығы белгіленген нормаға сай келді. Енді негізгі жұмыс басталмақ.

Ержан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:

– Сергеев су қоймасына 120 мыңға жуық тұқы шабағын жібергелі жатырмыз. Оларды жаз бойы арнайы тоғандарда өсірдік. Яғни, 3,5-4 ай көлемінде түйіршіктелген жем-азық беріп, күтіп-баптадық. Кейін, тәлімбаққа әкелдік. Ал бүгін Есіл өзеніне босатамыз.

Көп кешікпей жұмыс басталып та кетті. Мамандар бассейнге арнайы тор салып, су жануаларын бір жерге жинады. Кейін, әрлі-берлі тулаған шабақтарды шелекпен қос машинадағы бөшкеге жіберді. 10 минут та өткен жоқ іс толығымен аяқталды. Енді, осы көліктер кішкентай тұқыларды діттеген жерге жеткізбек. Бұл питомник өкілдері босатып отырған алғашқы партия емес. Көктемде тәлімбақ өкілдері 46 млн-нан аса сиг тұқымды балықтың дернәсілін өлкеміздегі өзен-көлдерге жіберіпті.

Ержан Жұмабаев – Петропавл балық питомнигінің директоры:

– Сиг тұқымды балықтың дернәсілін аппаратта өсірдік. Күту жұмыстары 6 айға созылды. Ал мамырда табиғат аясына босатылды. Нақтырақ айтар болсам, дернәсілдің 26 млн-ы – Сергеев, ал 20 млн-ы Петропавл су қоймасына жіберілді.

Дернәсілдердің де, шабақтардың да өмір сүріп кетулерін арнайы комиссия мүшелері ұдайы қадағалайтын болады. Жалпы, биыл Петропавл балық питомнигі көктемгі және күзгі жұмыстарды қоса есептегенде 42 млн теңгенің мемлекеттік тапсырысын орындамақ.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

– Сөз соңында айта кеткен жөн, бұл жұмыстардың басы ғана. Өңірдегі өзен-көлдерге шабақтарды жіберу ісі әлі де жалғасады. Қазан айына дейін мамандар Сергеев және Петропавл су қоймаларына 900 мыңнан аса кішкентай балықты босатпақшы.

Байболат Бектемірұлы