МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Жұмыс істеуші әйелдер форумы өтті

Еңбегі жанған арулар! Осындай атаумен Іскер әйелдер қауымдастығының 25 жылдығына орай Петропавлда жұмыс істеуші қыз-келіншектердің форумы өтті. Ауқымды жиынға 6 өңірдің белсенді азаматшалары қатысып, ортақ диалог алаңын құрды. Шарада ұйымның құрылуы, дамуы сөз болып, атқарылған шаруа да айтылды.

Әйелдің қоғамдағы рөлі жыл санап артуда. Біріншіден, олар миссияларына сай – ана, ошақ иесі болса, екіншіден бизнесмен, саясаткер, дәрігер мен мұғалім. Нәзікжандылар таңдаған қызмет бағытын осылай тізбектей беруге болады. Мына залға жиылған қыз-келіншектер де түрлі саланың өкілдері. Бірақ, барлығы білімді, білікті, сұлу, өз күштеріне сенімді. Бір сөзбен айтқанда, жастарға үлгі. Осыдан 10-20 жыл бұрын еліміздегі саясаткер әйелдердің үлесі бүгінгідей боларына сенгендер аз еді. Сандарды сөйлетсек, Парламент Мәжілісі депутаттарының 27 пайызы – әйелдер. Аудан, қала мен облыс мәслихаттарындағы халық қалаулыларының бестен бірі – адамзаттың ең әдемі бөлігіне тиесілі.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Мұхтар Әуезовтың «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, осы бесікті тербететін әйелдің рөлі қоғамдағы рөлі ерекше. Отбасы мен жұмысты қатар алып, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген әрбір нәзікжандыға алғысымызды білдіреміз.

Шынымен де, әйелдердің бастаған істері көбіне бірден өрге домалайды. Себебі, «аналық инстинкт» болар, кез келген кәсіпке олар балаларына қарағандай көңіл бөледі. Елдегі проблемаларға да ешқашан немқұрайлық танытқан емес. Сондықтан, осыдан 25 жыл бұрын Раушан Сәрсембаева осындай белсенді, бизнес саласындағы нәзікжандылардың басын қосу мақсатымен Іскер әйелдер қауымдастығын құрған. Ширек ғасыр ішінде ұйым 100 мыңнан аса адамды екі қолға бір күрекпен қамтыса, 10 мыңына өз істерін ашуға көмек көрсетіпті. Бүгінде бірлестік жұмысын сәтті жалғастыруда.

Елена Тарасенко – ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары:

– Іскер әйелдер қауымдастығы өте жақсы бастаманы қолға алып отыр. Қазір ұйымның жанында жастар қанаты жұмыс істейді. Әрбір өңірдегі белсенді қыздар мүшелік ететін бірлестік болашақта кадр резервін қамтамасыз етуге сеп болады. Бүгіннен бастап саясат пен қоғамдағы мәселелерге араласса, ертең бұл жандар депутат мен жергілікті атқарушы билік басшыларына айналады.

Үздік мұғалім, спортшы, аспаз, сылақшы. Жиында өз кәсіптерінің жілігін шағып, майын ішкен қыз-келіншектер марапатталды. Полицейдің погоны Сәуле Андағұлова үшін ерекше ыстық. Ол кішкентайынан әкесінің формасы мен жұлдыздарына қызығып өсіпті. Сондықтан, бала кезінен-ақ тәртіп сақшысы боламын деп шешкен. Таңдауына жанұясы қарсылық білдірмепті. Білімі мен күшіне, қайрат-жігеріне сенген болар. Тектен-тек емес. Бүгінде Сәуле Тыныштыққызы – облыстық полиция департаментіндегі штабты басқарып отырған алғашқы нәзікжанды.

Сәуле Аңдағұлова – СҚО ПД штаб бастығы:

– Полицей мамандығы өте жауапты. Қоғамның тыныштығы – біздің жіті бақылауымызда. Еңбек жолымды кәмелетке толмаған балалар инспекторы болып бастадым. Бірнеше жыл тергеуші қызметінде де жұмыс істедім. Қазір штаб бастығымын. Осы саланы таңдағаныма 27 жылдың ішінде еш өкінген емеспін. Өзімді бақытты санаймын. Себебі, мамандық таңдауда жаңылысқан жоқпын. Қиын міндетті атқаруда отбасымның көрсететін қолдауы ерекше.

«Тек ер адамдарға арналған сала» деген қатып қалған стереотипті бұзғандардың бірі -Маржан Валиева. Аяулы жар, 3 баланың анасы, аудармашы, журналист деген сипаттамаларға енді «үздік кәсіпкер» атағы қосылды. Отбасы өңірімізге оңтүстіктен 6 жыл бұрын қоныс аударған. Жамбыл ауданында ерлі-зайыптылар мамандықтарына сай еңбек етіп, бос уақыттарын бизнес-жоба жасауға жұмсапты. 2015-те 4 ірі қара сатып алып, мал шаруашылығын қолға алса, бүгінде жанұя мейрамхана, шаштараз, монша мен автокөлік жуу бекетіне жетекшілік етуде. Кәсіпкерлікті бастауға арналған идеяны өзге жақтан іздеудің қажеті жоқ дейді іскер азаматша. Барлығы тұрғындардың сұранысынан туындайды екен.

Маржан Валиева – кәсіпкер, Жамбыл ауданы:

– Қазіргі таңда ауылдағы балаларға көңіл бөлінбейді. Олар сабақтарына барып келеді де, кейін уақыттары бос. Сондықтан, ауданымызда балаларға арналған оқыту орталықтарын ашқымыз келеді.

6 өңірдің белсенді қыз-келіншектерінің басын қосқан форум соңында Іскер әйелдер қауымдастығы мен өзге облыстардың бірлестіктері әріптестік жөніндегі меморандум жасасты.

Эльмира Садвокасова