Кәсіпкерлік саласына қатысты идея болса, оны іске асыру қажет. Ол үшін мемлекеттен барынша қолдау көрсетілуде. Жасалып жатқан жағдайды Қызылжар ауданының тұрғындары тиімді пайдаланып келеді. Биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 64 адам шағын несие алса, 104 азамат грантқа ие болған.
Маусым сайын өзгеретін сән әлемінің артынан ілесемін дегендердің сұранысын толықтай орындайтын мекен – осы. Бұл ательедегі кез келген мата ғажайып белдемше, көйлек, костюм мен шалбарға айналады. Ал материалдардың қиындылары ешқашан қоқыс болып қалмайды. Барлық жарамды бөлшектерінен құрақ көрпе тігіледі. Гүлжан Қасенованың сөзінше, жаныңды салып жасаған шаруаңның нәтижесі әрдайым осындай болады екен. Өнердің бұл түріне нәзікжандыны балалық қызығушылығы мен жас кезіндегі арманы жетелеген көрінеді. Сол уақыттан бері он саусағынан бал тамған шебер бірде-бір матаның қасынан бейжай өте алмайды. Бірден көз алдына түрлі киімдер елестейді. Қиялындағы дүниелердің барлығын қолөнерші осында тігеді екен.
Гүлжан Қасенова – «Касенова Г.А.» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:
– 16 жасымда тігіншінің оқуын оқыдым 3 жыл бойы. Кейін ательеде жұмыс істей бастадым. 13-14жылдары «өз ательемді ашсам» деген ой келді. Кішігірім нысанды жалға алып, өз кәсібімді бастадым.
Алғашқы ісін ашу үшін Гүлжан Қасенова «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алыпты. Жобасын сәтті қорғаған ол кейін несие рәсімдеген. Қаражатқа шикізат пен қондырғылар сатып алып, нысан жалдаған. Сөйтіп, 6 жыл бойы бескөлдіктерді өз жұмыстарымен қуантты. Ал жуырда тағы бір сатыға жоғары көтерілу қажеттігін түсінген.
Гүлжан Қасенова – «Касенова Г.А.» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:
– Қазір осыны сатып алдым. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие алдым. 6 пайызбен 5 жылға рәсімдедім.
Қазір мұнда Гүлжан Қасеновадан басқа тағы бір тігінші еңбектенеді. Қос нәзікжанды жұмысында материал талғамайды. Керек десеңіз, қарапайым белдемше мен көйлектен бастап, костюм, куртка мен тіпті ішіктерге дейін тігіп береді. Тәжірибесі мол, тігін машинасының тілін тапқан өнерлі жандарға бескөлдіктер де күмән келтірмейді. Күніне 10 шақты адам тапсырыс жасайды. Ғалия Бекболатова қызының костюмін алып кетуге келген. Тұрақты клиентінің айтуынша, ауылдағы көп ательенің ішінен тек осыны таңдайды.
Ғалия Бекболатова – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Ательеде әрдайым өзіме көйлек тігемін. Елордадағы қызымның костюмін әкелгенмін. Барлығы ұнайды. Бағасы – қымбат емес, бастысы жарасымды етіп тігіп береді.
Сұраныс облыс орталығы мен елорда тұрғындарынан да бар. Көз тартарлық костюмдердің бағасы қолжетімді. Тігіншілердің қолынан шыққан мектеп формалары да бірден сатылады. Себебі, құны бар-жоғы 3-4 мыңның арасында. Алдағы уақытта іскер жан кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Гүлжан Қасеноваға қарап, өз ісін ашқысы келетіндердің саны жыл санап артуда.
Данияр Әбутәліп – Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:
– «Бастау Бизнес» бойынша біздің ауданда 64 адам шағын несие алды. 104 адам грант иеленді. Жыл басынан 535 млн шағын несиеге және 44 млн мемлекеттік грантқа бөлінді. Жыл соңына дейін игереміз деген ойдамын.
Бизнес саласындағы алғашқы қадамдарын жасаған жандар ауыл, оның ішінде мал шаруашылығына басымдық береді екен. Сондай-ақ, жиһаз шығарумен айналысатындардың да қатары артып келеді.
Айта кететін маңызды жайт, іскер азаматтар қарамағындағы еңбеккерлер үшін зейнетақы қорына жалақының 5 пайызы көлеміндегі қаржыны әзірге аудармайды. Микро және шағын бизнес өкілдері 2020-дан бастап үш жылға салық пен тексерістерден босатылады. Халыққа жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай шешімін айтқан болатын. Бұл бастама өз кезегінде кәсіпкерлерге қанат бітіріп, кәсіптерін өркендетуге кең мүмкіндік беретіні хақ.
Эльмира Сәдуақасова