ТЖ

Суға шомылу маусымы аяқталды

Осы жазда облыс аумағында суға 12 адам батып кеткен. Оның 3-уі – балықшы, қалғаны суға түсіп жүріп мерт болған. Өзен-көлдерде орын алған қайғылы оқиғаларға көп жағдайда не себеп? Мамандар суға шомылу маусымының аяқталуына байланысты шолу жасап, маңызды мәліметтерге тоқталып өтті.

Әр жыл мезгілінде төтенше жағдайлар департаменті мамандарының алдында белгілі бір міндеттер тұрады. Мәселен, күн ысысымен құтқарушылардың біразы жағажайлардан шықпайды. Яғни, жайбарақат суға түсіп жүрген адамдарды қадағалайды, рейд жүргізеді.

“Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды” демекші, олардың қолдарында үнемі жадынама, сөздері қарапайым қауіпсіздік шаралары туралы. Өйтпеске амал жоқ.Ережені ескермеудің салдары соқпақты болатынына кейбіреуі көңіл бөле қоймайды. Судағы арнайы белгіден ары асып, суға мас күйде түсетіндері де бар. Осы шомылу маусымындағы статистика мынадай: облыс аумағында 12 адам су құрбаны болған. Оның екеуі – бала.

Мұрат Қанғужинов: СҚО ТЖД бөлім бастығы: 

– Былтыр судан 13 адам қаза тапты, ал 2017-де тіпті 24 жан суда мерт болды. Биыл рейд шараларын жиі жүргізу арқылы қайғылы жағдайлардың алдын алуға тырыстық. Осы жылы батып бара жатқан жерінен 24 адам құтқарылды. Оның 16-сы – бала.

Рейдтерден бөлек мамандар су жағасында 50 кезекшілік бекетін орнатып, 90 қоғамдық құтқарушылар тобын құрған. Жағажайда қауіпсіздік ережелері жазылған 61 стенд іліп, суға 300-ден астам белгі қойған. Ал ережені елемегендерді жауапкершілікке тартқан.

Мұрат Қанғужинов: СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 440-шы бабының «Қоғамдық орындарда болу ережелерін бұзу» бойынша 233 адам жауапқа тартылды. Оларға 3 млн теңге көлемінде айппұл салынды. Тағы 163 жанға ортақ су пайдалану ережесін бұзғаны үшін ескерту айтылды.

Негізі, өңірде 60-қа жуық өзен мен 2 мыңға жуық көл бар екен. Оның 58-інде ғана шомылуға рұқсат етілген.

Актолкын Солтанханкызы