Құқық қорғау органдары

Өңірлік полицейлер алаяқтарды іздестіріп жатыр

Абайлаңыз, алаяқтар! Петропавлда үш бірдей зейнеткерді алдап, ақшаларын жымқырып кеткен қулар жүр. Өңірдің полиция қызметкерлері қазір ұрыларды іздестіріп, табу мақсатында жеке құрам мен қосымша күш жұмылдырған.

Тәртіп сақшыларының айтуынша алаяқтар бір схема бойынша әрекет етеді. Әсіресе, қарт адамдармен тілдеседі, сөйтіп отырып сеніміне кіріп алады. Жуырда кәнігі ұрылар теріскейлік 80 жастағы зейнеткерді сан соқтырып кетті. Ең алдымен кейуананың телефонына белгісіз әйел хабарласады. Ресейде туысқандары бар ма деп сұраған көрінеді. Қариядан оң жауап алған сәтте олардың ақшалай көмек сұрап отырғанын және оны кейін ортақ таныстары алып кететінін айтқан.

Көп ұзамай есікке қоңырау соғылады. Зейнеткер бейтаныс ер адамға 50 мың теңгесін ұстатып жібергеннен кейін ғана барып, ресейлік туыстарына хабарласады. Алайда, олар ешқандай көмек сұратпағанын айтқан.

– Зашел. Видит, что сына обуви столько, куртки висят – и даже не побоялся, ничего. Я дала ему десятитысячными – пять штук. И он ушел.

– А вы в окно за ним смотрели?

– Нет! Я же не подозревала, что он такой. Я думала он как все, хорошие люди.

Қулардың құрығына петропавлдық 78 жастағы зейнеткер де ілікті. Қарт әйелдің сеніміне кірген бейтаныс адам оның жылдар бойы жинаған жарты миллионнан астам ақшасын қарызға сұрап алған. Кейін айласын асырған алаяқ ізін суытады. Қазір полиция қызметкерлері аталған фактілер бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алаяқтарды әшкерелеу үшін криминалдық полиция басқармасының жеке құрамы мен қосымша күштер жұмылдырылған.

Данияр Ғалиақпаров – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Қазіргі уақытта алаяқтық фактілері жиілеп кетті.Зейнеттегі адамдарға хабарласып, олардың баларының, туысқандарының аты-жөндерін сұрап, қарым-қатынасқа кіріп, ақша сұрайды.Зейнеттегі адамдар алаяқтарға сеніп, өз қаражаттарын беріп жатады. Басқа адамдарға және білмейтін адамдарға тұрғылықты жерлерін, туыстарының есімдерін айтпауларын сұраймыз.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында 307 алаяқтық фактісі тіркеліпті. Оның 174-і бойынша өндіріс аяқталған.

Дана Ешкенова