МТРА жаңалықтары

Әскери институттың курсанттары ант қабылдады

Отаныма адал қызмет етемін! Сенбі күні қаланың орталық алаңында Әскери институт курсанттарының ант қабылдау рәсімі өтті. Жиында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 203 сарбаз ел тыныштығын қорғауға серт берді.

Кешегі – бала, бүгінгі – Отан қорғаушы. Көздерінде жалын оты ұшқындаған жас жігіттер әскери киімін киіп қаз-қатар сап түзеп тұр. Олар санаулы уақыттан кейін әскери ант қабылдайды.

Әскери қызметтің қашан да қиындығы мен қызығы бірге жүреді. Оның қыр-сырын тек батыл әлі төзімді жігіттер ғана тани алады.

Нұргелді Дүйсен – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Әскери ант – Отанына, еліне ақтық демі қалғанша адал болуға, сын сағат түскенде мойымай, жан қию деген сөз. Сондықтан да, әскери қызметтің жауапкершілігі мен міндетін орындаймыз. Әскери қызметтің атағын жауапкершілікпен ұстаймыз деген үміттемін.

Ұлттық ұланның қатарына қосылып, әскери ант қабылдағандардың арасында Жанболат Тәңірберген де бар. Небәрі 17 жастағы жігіт офицер болуды алдына мақсат етіп қойған. Ел тыныштығын қорғаушы курсанттың бұл ниетін ата-анасы да қолдайды екен. Жауапты күнде перзентінің жанынан табылу үшін олар арнайы Қарағанды облысынан ат терлетіп келіпті.

Дәулет Тойынбеков:

– Үлкен азамат болып шығады деп сенім артып, ұлымызды осында әкеліп оқуға түсіріп жатырмыз.Ол өзі 8-сынып бітіргеннен бастап әскери адам болуды армандады. Петропавлдағы Әскери институтқа түсу дайындалды. Өзінің арманын орындап, біздің үмітімізді ақтайды деген ойдамыз.

Ұлттық ұланның құрамына кіру әсте оңай шаруа емес. Өйткені, әскери өмірдің темірдей талабы мен қиындықтарына тек нағыз ерлер ғана төзе алады. Офицерлер жігіттерді 1 ай бойы қадағалап, тапқырлығы мен күш-жігерін тексерген. Орталық алаңда сайдың тасындай іріктелініп алынған жастар бой түзеп тұр.

Мұрат Шапашев – ҚР ҰҰ Әскери институтының кафедра бастығы:

– Бұл – әр ҚР азаматының борышы. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен еліміздің қорғап, бізге аманат етіп қалдырған. 4 жыл ішінде офицер болып шығады.

Салтанатты ант қабылдау рәсімі аяғына жетті. Ұлттық ұланның сапына қосылған ержүрек ерлерді қала әкімі Болат Жұмабеков құттықтады.

Биыл Ұлттық ұланның Әскери институтына 203 курсант оқуға түскен. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген курсанттар білім ордасында 4 жыл бойы тәлім алады. Кейін офицер шені беріледі.

Байболат Бектемірұлы