Спорт

Шайбалы хоккейден ел біріншілігі басталды

Өткен жұмада хоккейден ел біріншілігі басталды. Дүбірлі додада теріскейлік «Qulager» Рудныйдың «Горняк» командасын қарсы алды. Ел чемпионатының алғашқы ойыны Александр Винокуров Спорт сарайында өтті. Имектаяқ шеберлерінің бәсекесін спортсүйер қауыммен бірге өңір басшысы Құмар Ақсақалов та тамашалады.

–  Бүгін ел біріншілігінің аясында теріскейлік «Qulager» құрамасы өз алаңында «Горняк» командасын қабылдап жатыр. Ойын қандай есеппен аяқталады? Сәлден соң білетін боламыз.

Ойынның бірінші сәтінен-ақ қонақтар басымдық танытты. 5-ші минутта рудныйлық Владислав Бухаршин қарсыластарының қақпасына шайба тастап, есеп ашты. Сәлден соң жерлестеріміздің қақпасына тағы 3 гол соғылды. Теріскейлік жанкүйерлердің мұндай есеп айырмашылығына көңілдері толмаса да жерлестерімізді барынша қолдап жатыр.

Арада 14 минут өткен кезде асыға күткен шайба қонақтардың қақпасынан саңылау тапты. Денис Стасюк пен Илья Ахметовтің берген пасын ұтымды пайдалана білген Алексей Грищенко қарсыластарының қақпасына шайбаны дәл бағыттап, командасына бірінші голды сыйлады. Таблода есеп 1:4. Осылай бірінші период та аяқталды.

–  Ойын қалай аяқталатын, әзірше айту қиын. Жерлестеріміз тырысып жатыр. Ойыншылардан келесі кезеңде көп үміт күтемін.

Екінші кезеңде еш өзгеріс болмады. Тек үшінші периодтың 45-минутында қонақтар қақпаға тағы бір шайба салып, ойынды 1-5 есебімен тәмамдады.

Станислав ЗИНЧЕНКО – «Горняк» ХК ойыншысы, Рудный қаласы:

– Сайысқа тыңғылықты дайындалдық. Ел біріншілігінің алғашқы ойыны болған соң қобалжулар болды. Бірақ, жатығуда жинаған тәжірибемізді ортаға салып тырыстық. Бұл – біздің “Qulager” командасымен өткізген 6-шы ойынымыз.

Өкінішке қарай, жерлестеріміз бұл жолғы ойында қарсыластарына есе жіберіп алды. Алда әлі қарымта кездесу бар.

Ильгиз НУРИЕВ – «Qulager» ХК ойыншысы:

– Алғашқы маусымның біз үшін осылай басталғаны өкінішті. Бұл жолғы жіберіп алған қателіктерді саралап, кемшіліктерді түзеп, келесі ойынға жаңа дайындықпен шығуымыз керек.

Келесі күні дәл осы мұз айдынында екі команда қарымта кездесу өткізді. Теріскейліктер бұл жолғы реваншта барларын салды. Ойынның негізгі уақытында жерлестеріміз қонақтардың қақпасына 3 голды қатарынан соғып, 3-3 есебімен тең түсті. Сондай-ақ, овертаймда шабуылшы Максим Первухин “Горняк”-тың қақпасына тағы бір шайбаны дәл бағыттап, командасын алға шығарды. Осылай ұпай саны бойынша “Qulager” құрамасы 4-3 есебімен жеңіске жетті. Қыркүйектің 10-ы мен 11-і күндері “Qulager” өз алаңында атыраулық “Beibarys” командасын қабылдайды. Ойыншыларға сәттілік тілейік.

Бердимурат Баймухан