Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда заманауи аурухананың құрылысы басталады

Көптен күткен жоба жақында жүзеге асады! Қыркүйектің соңы немесе қазан айының басында Петропавлда заманауи аурухананың құрылысы басталмақ. Оны түркиялық «YDA HOLDING» компаниясы тұрғызатын болады. Бүгін өңірімізге аталған ұйымның өкілдері арнайы келіп, нысан орналасатын аумақпен танысты. Кейін, меймандар облыстық әкімдікте өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловпен жүздесті.

«YDA HOLDING» – күллі әлемге танымал компания. Себебі, бұған дейін түркиялық ұйым жер-жерде, оның ішінде Қазақстанда құрылыс жұмыстарын жүргізіпті. Әлі де бұл істі жалғастырып жатыр. Мысалы, қазіргі таңда шетелдіктер Түркістан облысында заманауи аурухана мен әуежай тұрғызуда. Ақтауда да аэропорт салуда. Бір сөзбен айтсақ, өте тәжірибелі, беделді холдинг. Жиын шымылдығын ашқан өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов инвесторлардың жұмысына жоғары бағасын берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мен сіздердің Түркияда тамаша аурухана салғандарыңызды білемін. Онда Президенттеріңіз Ердоған болып, атқарылған жұмысқа көңілі толды. Мұндай іс біздің өңірде де жүргізіледі деп ойлаймын.

Шынымен де, түркиялық компанияның байланыс аумағы кеңеймек. Жақында дәл осы шетелдік инвесторлардың қаржыландыруымен Петропавлда да соңғы үлгідегі аурухананың алғашқы кірпіші қаланатын болады. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынатын 7 қабатты нысан 500 орынға шақталған. Ғимарат “Шығыс” ықшам ауданында тұрғызылады. Емдеу мекемесі орналасатын аумақпен ұйымның басқарма төрағасы Арслан Хусейн арнайы таныспаққа келіпті.

Арслан Хусейн – «YDA HOLDING» компаниясының басқарма төрағасы:

– Петропавлда заманауи аурухана салу үшін 1 жылдың көлемінде келіссөздер жүргіздік. Міне, нақты шешімге келіп отырмыз. Құрылыс жұмыстары жүргізілетін аумақты көрдім. Маған ұнады. Ол жер барлық адамға ыңғайлы болатынына сенімдімін.

Жоспарланған көпбейінді аурухананың құрылысы 2022 жылы аяқталады және аумағы 71 мың шаршы метрді құрайтын болады. Онда бірнеше медициналық мекеме біріктірілмек. Қонақ үй де жұмыс істейтін болады. Тіпті, тікұшақтың қону-ұшу алаңы да жасалады. Ендігі жоспар қандай? Облыс әкімі жақын арада жергілікті медициналық кадрлардың біліктілігі арттырылатындығын айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз қазір дәрігерлерді оқыту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Келесі жылы 200-ге жуық маманды шетелге жіберуді жоспарлап қойдық. Кадрларымыз заманауи медицинаны, оның ішінде заманауи қондырғыларды, қызмет түрлерінің қыр-сырын меңгеруі тиіс. Сонда бізге Қазақстанның өзге өңірлері мен Ресейден де емделушілер келеді.

Білікті кадрларды даярлауға түріктер дайын. Олар теріскейлік мамандарды өздеріне шақырады.

Арслан Хусейн – «YDA HOLDING» компаниясының басқарма төрағасы:

– Біздің тарап осы жердегі кадрларды қарсы алып, оқытуға әзір. Бұл мәселені талқылап қойдық. Оның үстіне аурухана тапсырылардың алдында 2 ай бұрын Петропавлға түркиялық сарапшылар келеді. Олар жұмысты бастауға, қондырғыларды іске қосуға көмектеспек.

Жиын соңында өңір жетекшісі заманауи аурухананың маңы абаттандырылатындығын жеткізді. Болашақта “Шығыс” ықшам ауданында үйлер салынады. Оның бірі дәрігерлерге арналып тұрғызылмақ. Тағы, қарама-қарсы орналасқан Мещань орманында эко-парк пайда болмақ.

Байболат Бектемірұлы