Құқық қорғау органдары

Петропавлда 13-тегі жасөспірім 8 жасар қызды азғырған

Жыл басталғалы солтүстікқазақстандық 29 нәзікжанды сексуалдық зәбір көрген. Ал кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа күштеуге оқталудың 3 фактісі анықталыпты. Соңғы 2 оқиға қыркүйектің басында, яғни өткен аптада орын алды.

Саят Ермек – тілші:

– Немеремді азғырды! Қыркүйектің 2-сі полицияға 59 жастағы петропавлдық осындай арыз түсіреді. Сөзінше, небәрі 8 жасар қызға бәз біреу қолын жүргірткен. Оқиға кешкі сағат 6-лар шамасында орын алыпты. Тәртіп сақшылары жүргізген жедел іздестірудің нәтижесі жаға ұстатады.

Қаршадай қызға қатысты арам ойын ересек адам емес, 13 жастағы жасөспірім жүзеге асырмақшы болған.

Қайрат Қасенов – СҚО ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі:

– Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 2006 жылы туған кәмлетке толмаған қала тұрғынын анықтады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 124-бабының 1-ші бөлімі, яғни көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Тергеу аяқталмайынша полицейлер резонансты істің анық-қанығы турасында тіс жармаймыз деп отыр. Десе де, қоғам үшін жат оқиғаның орын алуына не себеп болуы мүмкін? Сауалды балалар психологына қойып көрдік. Бірақ, маман сан алуан нұсқаларды қарастыруға болады дейді.

Наталья Крылова – педагог-психолог:

– Дөп басып айту қиын, әрине. Мүмкін, жасөспірімнің мінез-құлқында ауытқу болған шығар. Өтпелі кезеңді басынан кешіп жатқаны да себеп болуы мүмкін. Осы орайда ата-ана баланың жыныстық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуі керек. Бала жетіліп келе жатқанда оған ақырын, әдепті түрде бәрін түсіндіру керек. Сонда ғана осындай жағымсыз жағдайлардың алдын алуға болады.

Саят Ермек – тілші:

– Ал осыған ұқсас тағы бір қылмыс Петропавлда араға екі күн салып орын алды. Қыркүйектің 4-і бұрын істі болған 38-дегі ер адам 17 жасар қызды күштеп, жыныстық қатынас жасауға итермелеген. Бұл факті бойынша да тергеу амалдары жүріп жатыр. Кінәсі дәлелденсе бойжеткенді зорламақ болған қаскөй 17-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал көп кешікпей мұндай қылмыстар үшін жауапкершілік қатайтыла түспек. Зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату мен адам саудасы. Өз жолдауында ел Президенті Үкімет пен Парламентке осындай және өзге де ауыр заңбұзушылықтарға қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырды.

Саят Ермек