Балалар

Оқушылар сарайында ашық есік күні өтті

Биыл Оқушылар сарайында тағы екі жаңа үйірме ашылған. Қобыз бен фортепионадан бөлек, талапты жеткіншектер 85 бағыт бойынша білімдерін толықтыра алады.Бала нені қалайды? Қарым-қабілетке сай таңдау жасауға мүмкіншілік мол. Белгілі бір үйірме туралы толыққанды ақпарат алып, жазылу үшін балғындарға тағы бір қолайлы жағдай жасалды.

Химия – ғажайыптар әлемі. Бір заттың пішінін өзгертіп, түсінің құбылуын зерттеудің өзі қызықты. Осындай ерекше химиялық процестерді Оқушылар сарайында жаңа құрал-жабдықтың көмегімен игеруге болады. Бұндай тәжірибе тек балалардың ғана емес, үлкендердің де қызығушылығын тудырады.

Мынау – гидропоника кабинеті. Мұнда мамандар түрлі өсімдіктерден бөлек, балықтарды да өсіреді. Осындай процеске қызығушылық танытатын ұл-қыздар аз емес. Мәселен, Дарья Соболеваның үш баласына да мұнда қатты ұнаған екен.

Дарья Соболева – қала тұрғыны:

– Ашық есік күніне 3 баламды ертіп келдім. Бағдарламалау, химия, өсімдіктер кабинетінен ерекше әсер алдық. Әсіресе, кішкентай қызыма түрлі гүлдер ұнады.

LEGO ойыны қазіргі балалар арасында ерекше танымалдылыққа ие. Сол себепті, Оқушылар сарайында түрлі бұйымдарды құрастыру мен модельдеуге арналған кабинет те жұмыс істейді. Бұндай бағыт ойлау қабілетін дамытады дейді педагог Ержан Молдахметов.

Ержан Молдахметов – Оқушылар сарайының қосымша білім беру оқытушысы:

– Лего кабинетінде балалар құрастырумен айналысады. Қазір бұнда 12 бала келіп жүр. Ұл-қыздарға лего қызықты.

Робототехника кабинетінде құлтемірдің түр-түрін кездестіруге болады. Мәселен, мына біреуі бірнеше іс-қимыл жасайды. Керек десең, қара жорға биін де билеп береді.

– Маған робот ұнады. Ол көптеген функция орындайды. Тіпті, қара жорға биін де билеп берді.

– Оқушылар сарайында қызықты кабинеттер көп. Маған ең жақыны – лего құрастыру мен робототехника.

Жалпы, Оқушылар сарайында 90-ға жуық үйірме жұмыс істейді. Оның 67-cі IT бағытына арналған. Үйірмелердің 80-ге жақыны тегін. Секцияларға қабылдау қыркүйектің 15-сіне дейін жалғасады.

Дана Ешкенова