Денсаулық сақтау

Электрондық рентген кескіндері

Тез, ыңғайлы әрі өте үнемді. Облыстық аурухананың дәрігерлері PAC жүйесінде жұмыс істеуде. Тың бағдарлама рентген кескіндерін электрондық нұсқада қарауға мүмкіндік береді. Заман игілігі өңіріміздің 6 емдеу мекемесінде қолданысқа енгізілген.

Бүгінде мұндай рентген кескіндерін облыстық аурухана мамандары мен науқастарының қолында жиі көрмейсің. Емдеу мекемесі бір жарым жылдай оның электрондық нұсқасын қолданып келеді. Азамат сәулелік диагностикадан өтіп, өзінің дәрігеріне жеткенше дейін, ақ халатты суретті компьютері арқылы жіті зерттеп үлгереді. Танысып қойыңыздар, бұл – PAC жүйесі.

Анна Голубева – облыстық аурухананың сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жүйені енгізгеннен бері 20 мың кескін жасалынды. Яғни, бүгінде соның бізге қажетін лезде ашып, науқастың диагнозы мен патологиясын қарай аламыз. Бұрындары ол үшін қорға барып, іздеу қажет болатын. Кейбірін азаматтардың өздері не туыстары әкетіп жатады. Сөйтіп, жоғалтады. Қазір жұмысымыз әбден жеңілдеді. Барлығы электрондық түрде сақтаулы.

Заман игілігінің арқасында үнемделетін қаржы туралы айтпай кету мүмкін емес. Әдеттегі рентген кескіні пленкаға шығарылады. Оның кішкентайының құны – 360 тг, ал үлкені болса 940 тг тұрады екен. Яғни, жыл сайын облыстық аурухана тек осы материалдардың өзіне 10-15 млн-дай қаражат жұмсап жүрген. Қазір оның тең жартысы аурухананың өзінде қалатын болды.

Денис Самохин – «Антис-Мед» ЖШС директорының орынбасары:

– Біз 7 жыл бұрын өңірдегі емдеу мекемелеріне «Надежда» медициналық ақпараттық жүйесін орната бастадық. Бүгінде бағдарламамен 19 ұйымның мамандары жұмыс істейді. PAC – осы жүйеге енгізілген жаңашылдық. Әзірге, тек 6 аурухана ақ халаттыларының қолданысында. Алдағы уақытта барлығына бірдей орнатамыз. Аудандық емдеу мекемелерінде кадр тапшылығы бар. Сол себепті, олар кеңесу үшін олар облыс орталығындағы дәрігерлердің көмегіне жүгіне алады. Бар болғаны рентген кескінінің электрондық нұсқасын тексеруге жіберу қажет.

Кадр тапшылығын жою мақсатында жасалған игіліктердің бірі – жасанды интеллект. Ол да облыстық ауруханада орнатылған. Жүйе 24 сағат бойы жұмыс істейтін емдеу мекемесі үшін – таптырмас бағдарлама. Себебі, ол кез келген кескінді қарап, науқастың патологиясын анықтай алады. Түстен кейінгі сағат 4-тен таңғы 8-ге дейін кезекшілік ететін ақ халаттылардың барлығы электрондық жүйенің көмегіне жүгінеді.

Эльмира Садвокасова