Спорт

Балалар мен ата-аналар баскетболдан сайысқа түсті

Ұрпақ сабақтастығын спорттан да аңғаруға болады. Кезінде баскетболмен айналысқан ата-аналар өз балаларымен сайыс өткізді. Қазір олардың ұл-қыздары спорттың осы түріне ден қойып жүр екен.

Алаңда – 2009-2010 жылы туылған балалар мен олардың ата-аналары. Ойынның 2-ші кезеңі өтіп жатыр. Алғашқы кездесу 13 те 18 есебімен аяқталған болатын. Қазір ұлдар кестедегі ұпайды еселеу үшін барын салуда. Жалпы қатысушыларға берілген әр период 10 минуттқа созылады. Бүгін оларды осы сынды 4 бірдей кезең күтіп отыр.

Максим Иванов, “Жеңіс” БК мүшесі:

– Менің баскетболмен айналысып жүргеніме 2 жылдан асты. Үлкендермен ойнаған қиын. Себебі, олардың бізден бойлары да ұзын әрі тәжірибесі де молырақ. Дегенмен, күреспей беріспейміз, жеңу үшін барымызды саламыз.

Баласын қолдап келгендердің қатарында Виктория Шишкалова да бар. Ол 18 жыл бойы баскетбол ойнаған, тіпті Қазақстанның ұлттық құрамасында өнер көрсеткен екен. Спорт шебері қазір ұлының тәрбиесімен айналысады. Виктория баласының спорттағы әр жетістігі үшін қуанып, барынша демеу беруге дайын. Себебі, кезінде өзі де осы жолмен өткен.

Виктория Шишкалова:

– Ұлымның баскетболға қызығушылығын байқаған кезде бірден үйірмеге бердім. Әзірге, балалар кішкентай, ауыз толтырып айтатын жетістіктері жоқ. Дегенмен, нәтиже уақыттың еншісінде. Бүгіннің өзінде ұлдарымызден бір алаңда сайысып, дәрежелерінің қаншалықты өскенін байқап отырмыз.

Сонымен, тартыс аяқталды, нәтижесінде есептегі сәл басымдылықпен ата-аналар жеңіске жетті. Негізі, осындай ерекше форматтағы жарыс алғаш рет қолға алынып отыр. Ұйымдастырушылар мұндай сайыс түрін енді жиі өткізбекші.

Актолкын Солтанханкызы