МТРА жаңалықтары

Елімізде жастар кадрлық резервіне іріктеу өтуде

Бүгін Петропавлда Президенттік жастар кадрлық резервіне өту шарттары туралы айтылды. Жобаға қатысуға өтініштерді қабылдау қыркүйектің 1-інен бері жүргізіліп жатыр. Әзірге, 2 мыңнан астам қазақстандық өз ниеттерін білдірген көрінеді. Нәтижесінде, барлығы 300 жас іріктелініп алынады екен.

Елбасының мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігін арттыру үшін жас мамандарды жауапты лауазымға тағайындау қажет деп айтқан сөзі бар. Осы орайда қыркүйектің 1-інен бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталған болатын. Жобаның мақсаты – жастар арасынан мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес пен қоғамдық қызмет үшін заманауи және тиімді басқарушылардың жаңа тобын құру.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Резервке іріктеу рәсімі айқын және ашық өтеді. Тіркеу онлайн түрде жүргізіледі. Іріктеу 4 кезеңнен құралған. Үміткерлер алдымен тест тапсырып, кейін эссе жазады. Осыдан олардың ой-өрісі, грамматиканы меңгеруі мен көшбасшылық қасиеттері бағаланады. Онлайн сыннан сүрінбей өткендер бейнежазба арқылы өз жобаларын қорғайтын болады.

Бұдай кейін барып үміткерлермен эксперттік комиссия мүшелері жеке кездесу өткізеді. Оның қорытындысы бойынша ашық дауыс беру арқылы кандидаттардың тізімі жасақталады. Ең көп ұпай жинаған қатысушылардың кандидатурасы Президенттің жастар кадрлық резервінің Ұлттық комиссиясының отырысында белгілі болады.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Жалпы, үміткерлерге қойылатын талаптар мынадай: жобаға 18 бен 35 жас аралығындағы қазақстандық азаматтар қатыса алады. Жоғары білімі болуы керек және еңбек өтілі 5 жылдан кем шықпауы тиіс.

Айта кетейік, өтініштерді үйде отырып-ақ PKREZERV.KZ сайтында беруге болады. Іріктеу 30-шы қыркүйекте аяқталады. Жалпы, бүгінге дейін 2 мыңнан астам қазастандық жас жобаға қатысуға өтініштерін қалдырған екен.

Дана  Ешкенова