Құрылыс

Қызылжар ауданына биыл 43 отбасы қоныс аударды

Қызылжар ауданында түтін түтетемін деген отбасылардың қатары жыл санап артуда. Биыл мұнда оңтүстік өңірлер мен Нұр-Сұлтан қаласынан қоныс аударуға 43 жанұя ниет білдіріпті. Олардың 39-ы су жаңа баспаналарға орналастырылмақ. Қазір үйлердің құрылысы 10 бірдей ауылда жүргізіліп жатыр. Бір-біреуінің құны 7 млн теңге тұрады. Көшіп келетін отбасыларға нысан 5 жылға жалға берілмек. Кейін оны жеке меншікке өткізу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл – Қызылжар ауданына қарасты Архангельское селосы. Ауылдың шетінде қазір 3 бірдей үй тұрғызылып жатыр. Еңбеккерлердің сөзінше аймақ құрылысқа да, тұрмысқа да өте қолайлы. Бірінің жұмысына мамандар шілде айының соңында кіріскен. Осы уақыт ішінде біраз шаруа тындырылған. Қазір мамандар шатырын жабу үстінде.

Кең, жылы, жайлы әрі инженерлік желілермен қамтылған. Тұрғызылып жатқан баспана дәл осындай болмақ. Жалпы аумағы – 113 шаршы метр. 3 бөлмелі нысан құрылысына мамандар тек сапалы материалдарды қолдануда.

Жұлдыз Какашин – «Омарова» ЖК прорабы:

– Нысан ігретасының биіктігі 90 см-ді құрайды. Оның 30 см-і жердің астында орналасқан. Шаруа жоспарға сай жүргізілуде. Қыркүйектің 7-ісі терезелерді орнатуды бастаймыз. Оған дейін шатырды жабу қажет. Бұл үшін металлчерепицаны қолданамыз. Ал кейін ішкі өңдеу жұмыстарына білек сыбана кірісеміз. Тағы жоспарда септик қазу да бар.

Үйдің ішіндегі жұмыс толығымен аяқталған соң, ауланы абаттандыру бастау алады. Баспана өзге өңірлерден қоныс аударған отбасыларға берілмек. Архангельское селосының тұрғындары жаңа ауылдастарын қазан айында қарсы аламыз деп отыр. Дәл осы уақытта үй кілттері иелеріне табысталады. Жалпы, Қызылжар ауданына биыл 43 жанұя көшіп келіпті. Барлығы – 187 адам.

Жанар Ақылбекова – Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Олар 5 облыстан: Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облысынан қоныс аударды. Соңғы өзгерістерге сәйкес Нұр-Сұлтан қаласынан да жанұялар келді. Бүгінде ауданға 4 отбасы көшіп келді.

Қоныс аударушы отбасылардың 39-ы су жаңа тұрғын жаймен қамтылмақ. Бұл мақсатта 14 серіктестік 10 елді мекенде тиісті құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жанар Ақылбекова – Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Біздің ауданға 273 млн теңге қаражат бөлінді. Қазір құрылыс бөлімі осы үйлерді сатып алуға байқау жарияланды. Қыркүйекте 11 үйді сатып аламыз деп көздеп отырмыз. Бұл мемлекет меншігіне өтеді. 03-01 Қоныс аударғандарға осы үйді жалға береміз.

Ал 5 жылдан кейін оны жеке меншікке өткізу мүмкіндігі бар. Теріскейде түтін түтетемін деген отбасыларға өзге де мемлекеттік қолдау қарастырылған. Солтүстікке қоныс аудару үшін әр жанұя мүшесіне 35 АЕК көлемінде қаражат, яғни 88 мың теңге бөлінеді. Аталған мақсатқа биыл бюджеттен 16,5 млн теңге жұмсалыпты. Оған қоса, еңбекке жарамды азаматтар екі қолға бір күрекпен қамтылады. Бүгінде аудан бойынша 134 бос орын бар екен. 2020-да да қызылжарлықтар тағы 43 отбасыны құшақ жая қарсы аламыз деп отыр. Оларға да жаңа үй салынатын болады.

Эльмира Сәдуақасова