Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облысқа ЕҚЫҰ аз ұлттар жөніндегі жоғарғы комиссары келді

Қазақстанда тұратын саны аз этностардың құқық-мүдделері қаншалықты қорғалған? Осыны білмекке елге Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз ұлттар жөніндегі жоғарғы комиссары келді. Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевпен тілдескен Ламберто ЗаньЕр бүгін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесті.

Саят Ермек – тілші:

– Теріскей – Қазақстанның ең көпұлтты өңірлернің бірі. Облыс халқының 35 пайызын қазақтар құрайды, жартысына жуығы – орыстар. Тағы неміс, украин, татар мен поляк ұлттарының өкілдері де бар. Жалпы айтқанда, өңірді 100-ден астам этнос мекендейді.

Кеше ғана Президентпен жүздескен Ламберто Заньердің бүгін Петропавлға ат басын бұруының басты себебі осы болса керек. Шекараға жақын орналасқан өлкенің көпконфессиялы болатыны заңдылық. Бірақ, саны аз ұлттардың өкілдері өзгелерінің тарапынан қысым көріп жатқан жоқ па? Одан қалды, олардың ұлттық мәдениеті мен тілдерін тануға мүмкіндіктері бар ма? Жоғарғы комиссарды қызықтырған сұрақтар осы.

Ламберто Заньер – ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары:

– Ұлтаралық алауыздық пен дау-жанжалдар елдер арасында емес, көбіне ел ішінде орын алып жатады. Мұны болдырмас үшін мемлекет қандай этнос өкілі болмасын, әр азаматқа тең мүмкіндіктер беруі тиіс.

Яғни, әкімшілікке, мемлекеттік аппаратқа өзге ұлт өкілдерін тарту керек дейді Заньер. Саясат полиэтносты болуы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясының парламентте өкілдігі бар. Қабылданғалы тұрған заң жобаларының барлығы да міндетті түрде ассамблея сараптамасынан өтеді. Яғни, заңның Қазақстандағы ұлттарға тиімді болуы жіті тексеріледі.

Атқарушы билікке қабылдауда да этностық шектеу жоқ деді Құмар Ақсақалов. Мұнда кез келген ұлт өкілі жұмыс істей алады. Маңызды талап, әрине – қазақ тілін білу. Бұған ыждаһат білдіргендерді үйретеміз. Бірақ, әр этностың өз ана тілін меңгеру мүмкіндігі де болуы тиіс. Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы көптілділікке ерекше мән береді.

Ламберто Заньер – ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары:

– Мемлекеттік тілді дамыту керектігі белгілі. Бірақ, саны аз болса да, өзге ұлттардың өз тілін білуге құқығы бар. Оны еркін оқуға жағдай жасау – оңай шаруа емес, әрине. Бірақ, Қазақстан бұған тиісті көңіл бөліп жатыр.

Қазір елде екі бірдей ұлттық өркендеу мектебі бар. Бірі – Алматыда, ал екіншісі – Петропавлда. Біздегі білім ошағының 200 оқушысы өз таңдаулары бойынша украин, әзірбайжан, татар, шешен, корей, неміс және армян тілдерін оқи алады. Бұл жоғарғы комиссарды қуантпай қоймады

Саят Ермек – тілші:

– Аз ұлттардың құқықтарын қорғау – ЕҚЫҰ жұмысының басым бағыттарының бірі деді Ламберто Заньер. Бұл түсінікті, әрине. 65 мемлекет орналасқан бар кәрі құрлықтың өзі көпұлтты емес пе? Олардың арасында алауыздық тумас үшін толеранттылықты тәрбиелеу керек деді комиссар. Осы орайда ұйым Қазақстанмен орнатылған әріптестік өрісін кеңейтуге дайын.

Саят Ермек