Балалар

Оқушылар жазғы демалыстарын ауылда өткізген

“Екі апта бойы ауылда”. Химия-биология бағытындағы НЗМ-нің 600-ден астам студенті кезекті әлеуметтік тәжірибелік жобаға қатысты. Шәкірттер ауылдың табиғатын және оның ерекшеліктерін зерттеп келген. Үйреніп-білгендерін бейнекамераға түсіріп, видео блок жасапты.

Қазіргі жаһандану мен урбандандыру заманында адамдар көбінесе жұмысбасты боп келеді. Ата-ана күнұзаққа қызметінде, баласы – мектепте. Көбісі тұтас отбасы болып кешке ғана жүздеседі. Апта сайынғы демалысты үйде немесе әрі кетсе қала маңында, қонақта өткізуі мүмкін. Балаларын ертіп ауылға тек жаз кезінде болмаса, былай бара қоймайды. Сол себепті, кейбір балаларға ауыл өмірі таңсық болуы мүмкін. Асыл қазына – ауылмен байланысты үзбес үшін Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері бір ерекше жобаны қолға алып отыр. Білім ордасындағы балалар елді мекендерді жиі аралап, ауыл өміріне белсенді араласуды мақсат қойған.

Аяулым Қабдуали ата-әжесі тұратын ауылға барған. Табиғаттың әсемдігіне құмар жан жазғы демалысты сонда өткізіпті. Бойжеткен жуандығы соншалық, үш адамның құшағына сыймайтын ағашты көрген екен. Жергілікті тұрғындар жасыл желектің ерекше қасиеті бар деседі. Әрі қалың орманда қыж-қыж қайнаған масаның ортасында бірнеше сағат бойы жидек терген екен.

Аяулым Қабдуали – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Мен ауылда болған кезімде туыстарыммен жидек теруге шықтық. Сондай-ақ, мал бағуға бардым.

Жазғы демалысын ауылда өткізгендердің бірі – Әлихан Мұратқазы. Ол Қызылжар ауданында тұратын жақындарының үйінде қонақта болған екен. Қалада ер жеткен жігіт бастапқыда ауыл тіршілігіне үйрене алмапты. Елді мекенде жаңа достар тапқан соң ауылға қатты бауыр басып кеткен екен.

Әлихан Мұратқазы – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Бірінші күні телефонымды қолынан тастай алмадым. Бірақ, 3 күннен кейін ауыл өміріне қалыптасып кеттім.Ауылда шөп шауып, ағаш егуді үйрендім.

Жалпы, жазғы әлеуметтік тәжірибе жобасы Назарбаев Зияткерлік мектебі өз жұмысын бастаған жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Оған 7 мен 11-сынып аралығында оқитын жастар қатыстырылады. Шәкірттер ауылдың табиғатын және оның ерекшеліктерін зерттейді. Үйреніп-білгендерін бейнекамераға түсіріп, видео блок жасайды екен.

Сәуле Уәлиева – Химия-биология бағытындағы НЗМ педагог-ұйымдастырушы-кураторы:

– Ол тәжірибенің 3 түрі бар. Биыл «Екі апта ауылда» жобасына – 545, «Ата-ана жұмысында 1 күн» тәжірибесіне – 153, «Ата-ана жұмысында 10 күн»-ге 391 бала барған болатын. Ол шілде мен тамыз айларында өтеді.

Ауылдарға жіберілген оқушылар бақылаусыз қалмайды. Олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін мектеп басшылығы жіті қадағалап тұрады.

Маржан Қасымбек