МТРА жаңалықтары

Кадрлық ауыс-түйіс

Кадрлық ауыс-түйіс! Бүгін “Nur Otan” партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ауысты. Енді бұл қызметті ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы Әсем Рахметова атқармақ. Ол Президенттік жастар кадр резервіне алынған Евгений Глотовтың орнына келіп отыр. Әсем Қалашбайқызын көпшілікке өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов таныстырып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Үстіміздегі жылдың сәуірінде ғана “NUR OTAN” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары ауысты. Ол кезде лауазымға жас, білікті маман Евгений Глотов тағайындалған болатын. Араға 5 айдай уақыт салып тағы да кадрлық өзгеріс орын алды. Енді бұл жауапты қызметке ішкі саят басқармасының бұрыңғы басшысы Әсем Рахметоваға келді.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – “NUR OTAN” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Партияның жұмысын, осы саладағы механизмдерді біледі деп осы қызметке тағайындалды. Үлкен сенім артамыз.

Төрағаның бірінші орынбасарына үлкен міндет жүктеліп отыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзінше Әсем Рахметова алдағы уақытта Елбасы, “NUR OTAN” партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары аясында мықтап жұмыс істеуі қажет. Бірінші кезекте бастауыш партия ұйымдарының беделін арттыру керек. Ол үшін қатарға өз ойын ашық айта алатын, белсенді жандарды көптеп тартқан абзал.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – “NUR OTAN” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұңғыш Президент Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында бастауыш партия ұйымдарының құрамында белсенді жандар көп болуы қажет деп нық айтты. Біз қазір осындай адамдарды қатарға тартамыз. Олар ұжымдағы проблемаларды басшылыққа жеткізе білуі тиіс. Яғни, батылдық қасиетке ие болғандары жөн. Сонда ғана адамдардың құқығы қорғалады.

Депутаттардың да жұмысын қатаң бақылау қажет. Себебі, олардың кейбірі ауылдық округтерден сайланып алып, өз істерін жөнді атқармай отыр. Мысалы, Ғабит Мүсірепов ауданындағы халық қалаулылары тұрғындармен жылына бірнеше рет қана жүздесіпті. Оның өзін селода емес, аудан орталығында өткізген.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – “NUR OTAN” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыстық филиал аудандардағы депуттардың жұмысын бақылауы тиіс. Кездесулер жиі өткізілуі керек. Жай ғана ұйымдастырылып қоймай, белгілі бір нәтиже беруі қажет. Адамдарды тыңдау керек. Мұны жақында ғана мемлекет басшысы өзінің жолдауында атап өтті. Жергілікті билік тұрғындардың проблемасына назар аударғандары жөн.

Тағы, жастар саясатына да мән беру қажет. Яғни, партия теріскейлік ұл-қыздардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға үлес қосқаны жөн. Тапсырмалар жауапты, ауқымды.

Әсем РАХМЕТОВА – “NUR OTAN” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– “Нұр Отан” партиясына Елбасы тарапынан, мемлекет басшысы тарапынан үлкен міндеттер жүктелген. Осы міндеттерді орындауда барлық күш-жігерімді салуға уәде беремін.

Ал жауапты қызметті бұған дейін атқарып келген Евгений Глотов қайда тағайындалмақ? Ол Президенттік жастар кадр резервіне алынып отыр. Енді, елордамызда еңбек ететін болады. Жиында сөз алған Евгений Глотов теріскейліктерге зор алғысын білдіріп, облысымыз жадынан ешқашанда шықпайтындығын айтты.

Евгений Глотов – “NUR OTAN” партиясы СҚОФ төрағасының экс-бірінші орынбасары:

– Мен өңіраралық ынтымақтастық форумына қатыстым. Облыстық Президенттік сайлау алды штабын басқардым. Осы уақыт ішінде көп тәжірибе алдым. Мұның бәрі менің жүрегімде қалады.

Жиын соңында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов Евгений Глотовтың өлкеміздегі 5 жылдық қызметі үшін алғыс айтып, Құрмет грамотасын табыс етті.

Байболат  Култанов