МТРА жаңалықтары

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының іске асуы

«Диплоппен – ауылға» бағдарламасы ауылдық елді мекендерді жас мамандармен қамтуға сеп болуда. Соңғы 5 жылдың ішінде Қызылжар ауданындағы ұстаздардың қатары 200-ге жуық жас маманмен толыққан.

Мәдина Тумабекова жоғарғы оқу орнын осыдан 6 жыл бұрын тәмамдаған. Қолына дипломын алған соң Қызылжар ауданындағы «Парасат» мектеп-лицейіне жұмысқа орналасыпты. Қазір ол жоғарғы сыныптарға математика пәнінен сабақ беріп жүр. Ол биыл 3 млн 787 мың теңге көлемінде пайызсыз несие алған. Сол қаржыны пайдалана отырып биыл көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Маман мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке дән риза. Педагог әрбір жасты осындай тамаша мүмкіндікті пайдалануға шақырады.

Мәдина ТУМАБЕКОВА – «Парасат» мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Жастарға ауылға келіп қызмет етуге кеңес беремін. Ауылда қызмет жасаудан бас тартпау қажет. Керісінше, жастардың көтерілуіне барлық жағдай дәл осы жерде жасалған.

13 жылдық тарихы бар білім ошағында 63 ұстаз еңбек етеді. Мұндағы педагогтардың қатары соңғы 5 жылда 8 жас маманмен толығыпты.

Бақыт АЛДАБЕРГЕНОВА – «Парасат» мектеп-лицейінің ғылыми ісінің меңгерушісі, Қызылжар ауданы:

– Жас мамандардан көп үміт күтеміз. Елбасымыз айтқандай, еліміздің дамуы – жастардың қолында. 

Сонымен қатар, балаларға саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етіп жүргендердің бірі – Әсемгүл Даниярова. Ол «Балбөбек» шағын орталығында 3 пен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндерді тәрбиелейді. Ол да биыл мамыр айында көптен бері армандаған баспанасына қол жеткізді.

Әсемгүл ДАНИЯРОВА – «Балбөбек» шағын орталығының тәрбиешісі, Қызылжар ауданы:

– Биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен үй алдым. Бұл бағдарламаның жастарға берер мүмкіндігі көп.

Соңғы 5 жылдың ішінде Қызылжар ауданы бойынша мемлекеттік бағдарламамен 300-ге жуық адам қызметке орналасып, 43,5 млн теңге шамасында көтерме ақы мен 485 млн теңгенің пайызсыз несиесін алған.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өз жолдауында “Дипломмен – ауылға” бағдарламасының аясын кеңейту керек екенін айтты. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап жобаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды.

Бердімұрат Баймұқан