Ауыл шаруашылығы

Малға екпе егу маусымы басталды

Қала бойынша 800-ге жуық ірі қара мен 1500-дей ұсақ мал бар. Олардың тең жартысы биыл көктемде вакциналаудан өткен. Қазір шаһарда күзгі екпе науқаны басталды. Ветеринар мамандар бруцеллез, туберкулез ауруларының алдын алу бойынша малдардан қан алып, дәрі егуде.

Тамара Плотникова – Жұмысшы кентінің тұрғыны. Зейнетке шыққан соң бос отырмай сиыр бағуды қолға алдым дейді нәзікжанды.

Тамара ПЛОТНИКОВА – зейнеткер:

– Марта, Мая, Красуля деген үш сиырым бар. Оларды әр маусым сайын қалыс қалмай, екпеден өткіземін. Бүгін бруцеллез бен туберкулез ауруларын анықтауға қан тапсырып жатырмыз. Бұл, әрине малға да өзіміз үшін де жақсы. Өйткені, тұтынып отырған сүт, май, ірімшік пен етті осылар береді.

Маусымдық жұмыстар бүгін қызу жүргізіліп жатыр. Қазір мал дәрігері сиырдан қан алып, туберкулин дәрісін егуде. Қанды зертханаға әкетеді. Ал туберкулезді малдың мойнына қарап анықтайды. 2 күннен соң туберкулин егілген орында ісік болмау керек, әйтпеген жағдайда ол малдың туберкулезге шалдыққанын білдіреді.

Ирина Гуськова – Петропавл қаласы ветеринарлық станциясының ветеринар дәрігері:

– 72 сағат өткеннен кейін малға дәрі егеміз. Ол малдарды қарасан, бруцеллез, листериоз сияқты көптеген аурулардан сақтайды. Егер ірі қарада туберкулез белгісі байқалса оған вакцина егілмейді. Оны бірден сою қажет.

Биыл қала бойынша аса қауіпті ауруларды диагностикалау мен малдарды егуге бюджеттен 2 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Бұған дейін вакциналау жұмыстары көктемде жүргізілген болатын. Қазір күзгі иммундау шаралары қолға алынуда.

Марс ӘБДІРАХМАНОВ – Петропавл қаласы ветеринария бөлімі секторының меңгерушісі:

– Қала бойынша қазір 800-дей қара мал бар. Сонымен қатар, 1500-дей қой мен ешкі, 260 жылқы және 250 шошқа. Көктемгі тексерісте малдардан ешқандай ауру белгілері байқалмады.

Күзгі екпе егу жұмыстарын ветеринар мамандар қазан айының соңында аяқтамақшы. Жалпы, бұндай жұмыстар әр 6 ай сайын жүргізіліп тұрады.

Бердимурат Баймухан