Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір активі Президент жолдауын саралады

Қазақстан халық үніне құлақ асатын мемлекет болуы тиіс. “Президент жүктеген бұл міндеттің біздің аймақта жүзеге асуы – менің жіті бақылауымда”. Қасым-Жомарт Тоқаевтің жолдауын саралаған теріскей активінің отырысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов осылай деді.

Депутаттар, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері мен атқарушы билік. Күні кеше жарық көрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұңғыш жолдауындағы тапсырмаларды тағы бір пысықтауға өңір активі толық құрамда жиналды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет басшысы жолдауында еліміздің ішкі және сыртқы саясатын сындарлы жүргізуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты атқарылатын міндеттерді атап көрсетті.

Жаңғыртудың 5 бағытын айшықтап берді Президент. Мемлекет басшысының алғашқы стратегиялық құжаты ауқымды болды. Ендігі мақсат – оны қалтқысыз жүзеге асыра білу. Ең бастысы, әрине, экономика. Оны жыл сайын тұрақты түрде кем дегенде 5 процентке арттырып отыру керекпіз. Бұл тапсырманы теріскей орындауға әзір деді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен жылдан бері өңір экономикасы 2,9 пайызға өсті. Ал 2019-дың соңында жалпы ішкі өнім көлемі де 2 пайызға артып, 1 трлн 300 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлап отырмыз.

Жер жұмыс істейтіндеге берілуі керек. Ал бәлен мың гектар алқапқа ие бола тұра, қамба-қоймаларын күзде толтыра алмайтын шаруалармен әңгіме қысқа болмақ. Ондайлар бізде жететін.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір бойынша 2015 жылдан бері игерілмей жатқан 670 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылды. Олар өзге шаруаларға беріліп, қайта айналымға енгізілді. Тағы 20 мың гектар жерді қайтару бойынша істерді сот қарастырып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда шикізатты сыртқа жөнелтуді қысқартып, дайын өнімді экспорттауға қарқын қосуымыз керек деп қадап айтты. Осы орайда теріскей ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді қолға алуы тиіс. Бұл саланы алға жылжытып қана қоймай, ауылды дамытуға да серпін береді. Ал мұнда шешімін күтіп отырған мәселелер баршылық.

Серік Малаев – “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Мен өзім шалғайда жатқан ауылданмын. Бізден облыс орталығына – 420, ал аудан орталығына – 150 шақырым. Біздің жақтағы тұрғындарға не керек? Біріншіден, жақсы жол керек, екіншіден жақсы мектеп пен сапалы білім, ал үшіншіден сапалы медициналық қызмет керек. Қазіргі күні, интернет пен ұялы байланыс керек жастарға.

Осының бәрін жүзеге асыруда “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасының берері мол. Елбасының бұл бастамасын Президент қолдап, оны жүзеге асыруға қосымша 90 млрд теңге бөлуді тапсырды үкіметке. Біздің облысқа бағытталған ақшаны ақылмен, жүйелі жұмсайтын боламыз деді Құмар Ақсақалов. Бұған тәжірибеміз жетеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мәселен, биылғы жылы біз Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөлді дамытуға басымдық бердік. Мұнда қазір дене шынықтыру және сауықтандыру кешенін салып жатырмыз, аурухана мен мектептерді жөндедік, жолдарды қалыпқа келтірудеміз. Осының бәріне 2,3 млрд теңге бағыттадық.

Білім мен медицина сапасын арттыру және спорт саласын дамытуда да атқарылатын шаруа жетерлік. Ал атаулы әлеуметтік көмек қол қусырып, мемлекетке үміт артып отырғандарға емес, жұмыс істеп, жағдайын түзеткісі келетін жанұяларға ғана берілетінін аймақ басшысы ескертті. Жіті назар аударылатын тағы бір мәселе – баспанамен қамту.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл Елбасының бастамасымен «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Аз қамтылған жанұялар енді 10 пайыздық алғашқы жарна және небәрі жылдық 2 пайыздық үстемемен ипотека рәсімдей алады. Шарттар тиімді. Ал несиеге пәтер ала алмайтын азаматтар үшін баспананы жалға алып тұруға мүмкіндік береміз. Бұл мақсатқа 2022 жылға қарай 240 млрд теңге бөлінеді.

Халық пен билік арасында диалог болуы қажет. Мемлекет азаматтардың үніне құлақ асуы тиіс.
Мәселен, өңірде биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде жерлестеріміз түрлі деңгейдегі әкімдіктерге 19 мыңнан астам шағым мен өтініш түсіріпті. Ал жергілікті жердегі кей басшылар базыналарға назар аудармайтын көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бірінші жартыжылдықта өңірлік жергілікті атқарушы органдар 4 мың азаматты қабылдаған. Ақжар, М.Жұмабаев, Уәлиханов, Тайынша және Есіл аудандары бұл тұрғыда белсенді болса, Шал ақын ауданы керісінше, көш соңында. Мұндағы ауылдық округтердің 70 пайызы мүлде қабылдау жүргізбеген.

Аудан әкімінен жауап ала алмаған соң, азамат не істейді? Әрине, жоғары барады, аймақ басшысына, одан әрі Президентке жүгінеді. Мұндай тенденцияны тоқтату керек деді Тоқаев. Атқамінерлер проблемаларды жергілікті жерде шешуі тиіс. Президент берген тапсырмаға сай, енді мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауда бұл басты индикатор болмақ.

Саят Ермек