Аптадағы маңызды жаңалықтар

Теріскейлік кәсіпкерлер жолдауға үн қосты

Микро және шағын бизнес саласындағы компаниялар табыс салығынан үш жылға босатылады, ал жұмыс берушілерге қарамағындағы қызметкерлерге қосымша зейнетақы төлемін аударуды енгізу шегеріледі. Осы және өзге де басымдықтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған тұңғыш жолдауында айтылды. Бұл бастамаларды теріскейлік кәсіпкерлер бірауыздан қолдап отыр.

Биыл қаламыздағы “БЛОК” серіктестігінің құрылғанына – 30 жыл. Осы уақыт ішінде өндіріс ошағы Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де танылды.

Бүгінде мұнда зығыр майы әзірленеді. Тағы, нысандардың төбесіне арналған материалдың – 5, ал электроқшаулағыш өнімнің 17 аталымы шығарылады. Солардың бірі – “Миканит”. Ол сонау Үндістаннан импортталған слюда мен кәсіпорында өндірілетін лактан жасалады. Жергілікті тауар электр өткізбейтін қасиетке ие.

Елена Голубева – “БЛОК” ЖШС бас технологы:

– Миканит тепловоз, электровоздарды жөндеу кезінде қолданылады. Ол -электроқшаулағыш. Яғни, тоқ өткізбейді. Басты қасиеті осы. Материалға сұраныс өте жоғары. Оны қазақстандық, ресейлік зауыттар бізден сатып алады. Мамандар айына аталған дүниенің 3,5 тоннасына дейін әзірлейді.

Тағы, серіктестікте “Ризолин” атты материал да шығарылады. Аталған өнімнің әлемде баламасы жоқ. Ол өте берік. Су өткізбейді әрі ұзақ уақытқа шыдас береді. Жарамдылық мерзімі – 25 жыл. Кәсіпорын осындай қуатты өндірістің арқасында жақсы табыс тауып отыр. Мәселен, былтыр 940 млн-ның тауары сатылыпты. Биыл көрсеткіш 1 млрд теңгеден аспақ. “Мұндай дәрежеге мемлекеттік қолдаудың арқасында жеттік”,- дейді компания директоры Анатолий Сысоев. Азамат әр іскер жан Үкімет жасап отырған жеңілдіктерді тиімді пайдаланса
биік белестерді бағындырады деген ойда.

Анатолий Сысоев – “БЛОК” ЖШС директоры:

– Біз бизнесті шағыннан бастадық. Кейін, несие алып, өндірісті өркендеттік. Қазір ресейлік зауыттармен сенімді түрде бәсекелесе аламыз. Мұнын бәрі -мемлекеттік көмектің арқасы. Қазіргі күні істі енді қолға алып жатқан жандарға қолдау мығым. Мұны кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында да атап өтті. Микро және шағын бизнес саласындағы компаниялар табыс салығынан үш жылға босатылмақ. Бұл дегеніміз керемет емес пе!? Кәсіпкерлер біршама уақыт мемлекет қазынасына ақша аудармайды. Нәтижесінде сол қаржыны өз жұмыстарына жаратып, дами алады.

Кәсіпкерлік саласына көрсетілетін қолдау бұл ғана емес. Елімізде шағын және орта бизнесті әрмен қарай дамыту қажет. Ол үшін Президент Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» бағдарламасы аясында алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Қаражат тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ. Тағы, Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс берушілерге қарамағындағы қызметкерлеріне 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін аудартуды енгізуді 2023 жылға дейін шегерді. Бұның алдында бұл мәселені “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы көтерген болатын. Мамандар мұндай өзгеріс бизнес өкілдеріне салмақ салар еді дейді. Осы ретте мемлекет басшысының мәселеге назар аударып, дұрыс шешім қабылдағанын қолдап отыр.

Екпін Әбиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі:

– Қазір кейбір кәсіпкерлер 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін аударуға қауһарсыз. Біз бизнесмендерді дамытып алайық. Кейін, жаңашылдықты енгізуге болады.

Жолдауда кәсіпкерлердің жауапкершілігі жайлы да айтылды. Егер де бизнес өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзса, онда сол компания жабылмақ. Және тиісті шара қолданылады.

Байболат  Култанов