Білім

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 8 заманауи зертханамен толықты

Адам ағзасы алақандағыдай. Болашақ дәрігерлерге арнап жергілікті университет биыл соңғы үлгідегі қондырғыларды сатып алыпты. Жоғарғы медициналық мектепті жарақтауға бұл жолы 100 млн теңгеден артық ақша жұмсалған.

Анатомия, физиология, морфология. Жоғарғы медицина мектебінің 250-ге тарта студенті бұл пәндерді енді ынтамен меңгеретін болады. Мұны сеніммен айтуға себеп бар. Университет жазда 4 зертхана сатып алған.

4-удің біреуі – медициналық 3Д симулятор. Оның патологиялық анатомияны оқытуда пайдасы көл-көсір. Ішкі органның сау күйі мен ауру күйіндегі келбетін көруге мүмкіндік береді зертхана.

Пироговтың анатомиялық үстелі – тағы бір жаңашылдық. Студенттің алдыңда – адамның виртуалдық макеті. Оны қалай айналдырып, қай органын қарап, қайсысын зерттейсің – өз еркің. Мұндай аппарат отандық үздік деген медициналық университеттердің көбінде жоқ дейді директор.

Әсет Ізденов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің директоры:

– Бұған дейін студенттер анатомияны қаңқа мен түрлі органдардың макеті арқылы меңгеретін. Енді оқу үрдісін цифрлық технологияларға көшіріп отырмыз. Осының арқасында студенттер адамның ішкі құрылысын тереңірек зерттеу мүмкіндігіне ие.

Жоғарғы медициналық мектептегі 4 зертханаға 100 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Нәтижесінде, маңызды пәндерді енді студенттер шемішкедей шағуы тиіс. Өйткені, мүмкіндіктер зор.

Тойжан Сыздықов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медицина мектебінің студенті:

– Мұндай қондырғылардың барымен мақтанамыз. Өзге қалаларда осындай дүниелер жоқ. Олардың көмегімен сабаққа деген қызығушылығымыз артты. Менің мақсатым – халық игілігіне қызмет етіп, көмектесу.

Болашақ дәрігерлер ғана емес, програмистер мен дизайнерлердің де қуанышында шек жоқ. Олардың енді ІТ-орталықтары бар. Мұндай компьютерлер осыдан бір жыл бұрын студенттердің түсіне де кірмеген екен. Ал бүгін олар өңдерінде қуатты машиналардың алдында сабақ оқып жатыр.

Арман Қалиасқаров – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Ата-анам маған компьютер әпергенде, қатты қуанған едім. Алдымен ойындар ойнауға құмар болдым, кейін бағдарламалауды меңгере бастадым. Сондықтан, мамандық таңдауда қиналмадым. Болашақта програмист болып, адамдарды түрлі интернет сайттардан қорғайтын тың бағдарламаларды жасасам деймін.

Програмистер – бағдарламалауды, ал дизайнерлер, сәйкесінше, жобалауды меңгереді мұнда. Бұл орталықты бастан-аяқ жарақтауға университет 17 млн теңге жұмсаған.

Ал тағы 6 млн-ға роботетхника сыныбы алыныпты. Бұл – енді информатик-студенттердің сүйікті кабинеті. Мұнда олар құлтемірдің түр-түрін жинайды, кейін оларға арнап бағдарлама жазады. Жұмыс нәтижесінің таң қалдырмай қоймайтыны рас.

Бірақ, ең бастысы бұл емес. Болашақ информатика мұғалімі болған соң, студенттер оқушыларды робот жасауға үйретуді меңгереді. Яғни, педагогикалық машықтарын шыңдайды.

Евгений Климов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Математика және информатика” кафедрасының аға оқытушысы:

– Бұдан бөлек, мұнда тек “Информатика” ғана емес, өзге де техникалық мамандық студенттері де келе алады. Алдағы уақытта БжҒМ көмегімен зертханамызды кеңейтпекшіміз. “Лего” конструкторларының тағы 10 жинағы мен 3Д принтер аламыз.

Осы оқу жылында университет барлығы 8 зертхананы жарақтап, қолданысқа беріп отыр. Мұндай материалдық-техникалық базаның арқасында студенттердің сабаққа қатысу белсенділіктері де жоғарылап, пәнге деген қызығушылықтары артады. Зертханалар алдағы уақытта да ашылады. Өйткені, маңыздысы – білім алушылардың саны емес, дайын кадрлардың сапасы дейді басшылық.

Саят Ермек