Ауыл шаруашылығы

Ленинское ауылын жабайы арпа басып жатыр

Аққайың ауданындағы Ленинское ауылының тұрғындарын жабайы арпа әбігерге салуда. Бұл арамшөп жыл санап көбейіп, ауылдың іші былай тұрсын, маңын да жаппай жаулап жатыр екен. Ал оны түп тамырымен шауып тастауға тырысқан тұрғындардың бұл ісі түк нәтиже бермепті.

Жабайы, жалды немесе канадалық. Бұл арпаның аты көп. Арамшөп сырт көзге әдемі әрі зиянсыз көрінгенімен, шын мәнінде әбден әбігерге саларлық қауқары бар. Ол – егістіктегі дақыл мен өрістегі малдың жауы екен.

Саят Ермек – тілші:

– Жалды арпаның бір жаман қасиеті бар. Ол тез таралады. Арамшөптің бірнеше масағы жерге түссе болды, 4 жылдың ішінде ол алып аумақты шарпиды.

Зейнеткер Арғын Усеинов иыққа триммерді іліп алып, ауласын кезекті рет тазартып әлек. Бірақ, бұдан қайыр шамалы дейді. Бірер айдан соң жабайы арпа қайта бой көтере бастайтын көрінеді. Өсімдік Арғын Усеиновтың ауласын ғана емес, ол тұратын күллі Ленинское ауылын шарпыса керек. Елді мекеннің іші де, маңайы да сап-сары. Тұрғындардың 4-ші жыл көріп келе жатқаны осы екен.

Арғын Усеинов – Ленинское ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Былтыр мына жерді шапқанбыз, тап таза қылып. Биыл одан сайын көбейіп, тағы басып жатыр. Тіпті, жолды алып, егін себетін жерлерге бара жатыр. Егінмен араласып кетсе, күресу де қиын болады.

Ол ол ма, пайда болған 4 жылдың ішінде жалды арпа жақын маңдағы жайылымдарды да түгелдей басса керек. Малды енді бақташы алысқа апарып бағуға мәжбүр. Ал ауладағы төрт түлік көкті теріп-таңдап қоректеніп жатыр. Өйткені, жабайы арпаны жануар жемейді, жесе – өледі.

Арғын Усеинов – Ленинское ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Жуырда бір қой ауырып, әлсіреп қалды. Сойып, ішін көріп едік, ішек-қарнына шөптің тікенектері қадалып қалыпты.

Осылай білдей бір ауылды әбден мезі қылған жабайы арпадан құтылуға бола ма? Болса қалай? Сұраққа жауап іздеп өңірдің фитосанитарларына барған едік.

Саят Ермек – тілші:

– Ал фитосанитарлар елорда құптамайынша сұхбат бермейміз деді. Сөйтіп, бас шаһардағы тиісті орталыққа ресми сұраным жолдаған жайымыз бар. Олар бізге жазбаша жауап қатты. Хатта, шынымен де, арамшөртің мал үшін аса қауіпті екені жазылған. Сондай-ақ, егер жабайы арпа егістікті басса, онда көл-көсір өнімнен үміттенбеуге де болады екен.

Сондай-ақ, мұнда арамшөппен күресудің тек бір ғана жолы бар – бұл химиялық өңдеу делінген. Ауыл шаруашылығы басқармасына жүгінген Арғын ақсақалға да мамандар осылай депті.

Арғын Усеинов – Ленинское ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Ауыл шаруашылығы басқармасынан сұрап едік, олар жаппай әсер ететін гербицид керек деді. Ондай бізде жоқ, ол өте қымбат деді.

Телефонмен хабарласқан біз де осындай жауап алдық. Аталған арамшөпті құртуға мемлекет тарапынан ақша бөлініп, тегін гербицид берілмейді екен. Проблеманы тұрғындар да, егістігі жапа шеккен шаруалар да өздері шешуі тиіс. Яғни, Ленинское тұрғындарына келесі жазда триммер мен шалғыларын қайта сайлау керек болатын секілді.

Саят Ермек