Қоғам

Еліміздің болашағы – жастардың қолында

Бармақ басты, көз қыстылықтың алдын алу, қаражаттың дұрыс игерілуін бақылау. Бүгін Оқушылар сарайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшылығы мен жастар ұйымдарының өкілдері кездесу өткізді.

Пара алу немесе беру, өз қызметін асыра пайдалану немесе алаяқтық жасау. Жиында қаузалған басты тақырып – жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру. Өйткені, еліміздің болашағы – жастардың қолында. Рүстем Арманов – «Солтүстік фестивалі» үкіметтік емес ұйымының төрағасы. Ол жастардың арасында бармақ басты, көз қыстылықпен күрес жайында пікір-талас сайыстарын жиі ұйымдастырады екен.

Рүстем Арманов – “Солтүстік фестивалі” ҮЕҰ төрағасы:

– Жастар пікір-талас кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы көз қарасын айтады. Сондай-ақ оның шешу жолдарын ұсынады.

Еріктілер, «Жас сарбаз» және «Жас ұлан». Бүгінде облысымызда жастар мүшелік ететін 64 ұйым бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшылығы жастар ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп жұмыс атқару мақсатында меморандумға қол қойысты.

Белсенді жастар енді алдағы уақытта кәмелеттік жасқа толмағандармен кездесулер өткізеді. Жиында олар балаларға бармақ басты, көз қыстылықтың немен аяқталатыны жайлы түсіндіреді. Сондай-ақ, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасамауға үгіттейді. Оған қоса, ұйым өкілдері басқа да шараларға қатысады.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

–  Бұл тек қана қағаз жүзіндегі құжат емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда жастар өз үлесін қосады деген сеніммен осы меморандумға қол қойдық. Басты мақсатымыз 01:10 әлеуметтік, экономикалық салаларға бөлініп жатқан қаражаттың дұрыс игерілуін өздері бақылап көрсе.

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық фактілерінің куәсі немесе салдарынан жапа шеккендер Оқушылар сарайындағы “Қызылжар-адалдың алаңы” кеңсесіне немесе Қоғамдық бақылау картасының /8 707 5641424/ WhatSapp желісіне хабарласа алады.

Маржан Касымбек