Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшыларына ала таяқ қайтарылды

Жол полицейлеріне ала таяқ қайтарылды. Қыркүйектің 1-інен бастап тәртіп сақшылары жезл қолдануды қайта қолға алды. Ол тек жол тәртібін реттеу кезінде ғана қолданылмақ.

2017 жылдың сәуірінен бастап ала таяқ қолданыстан алынып тасталған болатын. Салдарынан жол қозғалысын реттеу кезінде түрлі қолайсыз жағдайлар туындаса керек. Гәп мынада: мәселен, тұман түсіп, қалың жаңбыр жауса немесе түнде полицейлердің қолмен көрсеткен белгілері анық байқалмайды. Сөйтіп, тұрғындардың тарапынан осыған байланысты арыз-шағымдар көп түскендіктен жол-патрульдік полицияға ала таяқ қайтарылды.

Баян БАЙҒАСКИНА – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Таяқшаны жол-көлік оқиғалары, түнгі уақытта, жолдың нашар көрінуі кезінде және бағдаршам істен шыққан кезде қолданады. Ала таяқпен жол тәртібін реттеу кезінде тәртіп сақшылары арнайы жарық шағылыстыратын киім мен қолғап киеді.

Сонымен қатар, патрульдік полицейлерге көлікті қолмен белгі беру және таяқша арқылы тоқтатуға тыйым салынды. Бұл жемқорлықтың алдын алу мақсатында жасалып отыр дейді полиция департаментінің өкілдері.

Қанат ӘЛІМЖАНОВ, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Машинаны таяқша немесе қол ишаратымен тоқтатуға болмайды. Ол үшін енді дауыс зорайтқыш немесе арнайы жарық түсіретін құралды ғана пайдалану қажет. Ондай құрал әр қызметтік көлікте орнатылған. Және оларда бейнежазба камераларына дейін бар.

Ала таяқты қайта қолданысқа енгізу бұйрығы заң бойынша қыркүйектің 1-нен бастап өз күшіне енді.

Бердимурат Баймухан