Халық тарих толқынында

Семей полигонының жабылғанына – 28 жыл

Семей полигонының жабылғанына 28 жыл толды. Аталған аймақта 40 жыл бойы сынақтар жүргізіліп, 500-дей ядролық жарылыс жасалған. Салдарынан талай адам ажал құшты, көбі мүгедек болып қалды. Олардың арасында әскерге барған жерлестеріміз де бар.

Семей өңірінде 70 жыл бұрын тамыздың 29-ы күні халықты алдын ала ескертусіз ең алғашқы жарылыс жасалды. Оның қатты шуынан ұйқыда жатқан үлкендер мен кішілердің зәресі зәр түбіне жеткен еді. Бірақ, бұл тек басы болатын.

Семей өңірінде жасалған жарылыстарды әскерге барған жерлестеріміз өз көзімен көріп қайтқан. Отан алдындағы борышын өтейміз деп барған жас жігіттер сынақ ортасына тап болады. Оларға мемлекеттік құпияны сақтау үшін суретке түсу тұрмақ, отбасыларына сағыныш хаттарын жолдауға тыйым салынады. Сол сәттер талай жыл өтсе де Асхат Төлепбергеновтың жадынан өшпеген екен.

Асхат Төлепбергенов – “СҚО Семей полигоны” ҚБ төрағасы:

–  Бізді қайда алып баратынын білгеніміз жоқ. Семейге Новосибирск арқылы алып барды. Бастапқыда түсінбегенмен кейін бәрін білдік. Сосын 25 жылға қолхат бердік. Жолдастарымыздың көбінің шамамен 85 пайызы ортамызда жоқ. Өйткені, көп зардап алдық.

Семей өңірінде 40 жыл ішінде 500 ядролық сынақ жүргізілген. Салдарынан талай адам ажал құшып, көбі түрлі ауруға шалдықты. Ал сәбилердің көпшілігі мүгедек болып дүниеге келді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, сол жылдары Семейге 600-дей жерлесіміз әскерге барған. Ал олардың жартысынан көбі өңірге қайта оралмапты. Асхат Төлепбергеновтың сөзінше, кейбірі сырқаттанып, ал қалғандары ауыр жарақат алып көз жұмған екен.

Жерлестеріміз жылда осында келіп, Семей полигонында қаза тапқандардың рухына арнап гүл шоқтарын қояды. Бірі – жақынын, енді бірі кезінде Семей өңірінде әскерде бірге болған жақын досын еске алады.

1991 жылдың 29-шы тамызында Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Осылайша, еліміз әлемде ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет болып тіркелді.

Маржан Касымбек