МТРА жаңалықтары

Мерекеге орай сала мамандары қошеметке бөленді

Қазақстан Конституциясына ертең 24 жыл толады. Ата Заң берген игіліктің арқасында бүгінде біраз жетістіктерге жеттік. Түрлі салада абыройлы қызмет атқарып, тер төгіп жүрген жандар еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып жатыр. Бүгін мереке қарсаңында Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында мерекелік салтанатты шара өтті.

Конституция күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиын облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің құттықтау сөзінен бастау алды.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Құрметтті жерлестер, сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан халқы бүкіл халықтық референдумда тарихи таңдау жасаған ел Конституциясына – 24 жыл. Осы уақыт ішінде Ата Заң жетістіктің берік кепілі болды.

Кейін, облысымыздың әлеуметттік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген 13 маман марапатталды. Алғашқылардың бірі болып құқық қорғау органының қызметкері Руслан Біржановқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Азаматтың бұл салада жұмыс жасап жүргеніне шамамен 16 жыл өтіпті.

Руслан Біржанов, Ғ.Мүсірепов аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары:

– Менің әкем де, атам да тәртіп сақшысы болып қызмет еткен. Әрқайсысының 30 жылдан астам жұмыс тәжірибелері бар. Мен де олардың соңынан ерген ұрпағымын. Бүгін, міне мерекеге орай біздің жұмысымыз бағаланып отыр. Оған мен өте қуаныштымын. Себебі, құқық қорғау органдары үшін Конституияның алар орны ерекеше. Біз күн сайын Ата Заң аясында азаматтардың құқықтарын қорғап, заңбұзушылықтың алдын алу үшін талай шаруа атқарудамыз.

Алғыс хатпен марапатталғандардың қатарында Гүлістан Майрамова да бар. Нәзікжанды – сүйікті жар, аяулы ана әрі жеке кәсіпкер. Өз ісін 2005 жылы бастаған келіншектің бүгінде 3 бірдей дүкені бар екен. Мемлекеттік қолдаудың арқасында алға басқан кәсіп қазір өз жемісін беруде.

Гүлістан Майрамова, жеке кәсіпкер, Тимирязев ауданы:

– Мен өз ісімді бастамас бұрын белгілі бір сома көлемінде мемлекеттен қарыз алдым. Қазір өз ісімді дөңгелетіп отырмын. Мұндай нәтижеге мемлекеттің қолдауының арқасында жеттім деп ойлаймын. Сол себепті, осы ретте өз тарапымнан ризашылығымды білдіргім келеді және барлық жерлестерімді мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Мерекелік шара концертке ұласты.

Актолкын Солтанханкызы