Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлдық педагогтар тамыз кеңесінде бас қосты

Өткен жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұстаздардың жалақысын өсіруді жүктеген болатын. Елбасы тапсырмасына сай биыл жергілікті билік 1 млрд теңгеден аса қаржы бөлді. Қомақты ақша қаламыздағы білім беру мекемелерінде қызмет ететін бірқатар мұғалімдердің табысын арттыруға бағытталмақ.

Бір-екі күннен кейін жаңа оқу жылы да басталады. Кезекті маусым қарсаңында өткенді саралап, болашаққа мақсат қойып алу қажет. Сол себепті, петропавлдық педагогтар дәстүрлі тамыз кеңесіне жиылып отыр. Шара шымылдығын қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Сұрағанова ашты. Оның сөзінше биыл салаға бағытталған қаржы әжептеуір артқан.

Айнагүл Сұрағанова – Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Биыл қаланың білім саласына бөлінген ақша өткен жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге көп. Қомақты қаржының бөлінуі нысандарға жөндеп жасау, материалдық-техникалық базаны жақсарту сынды проблемаларды шешуге мүмкіндік берді.

Мемлекеттен қолдау мығым! Енді еңбек ету керек. Яғни, оқушыларға заманауи, сапалы білім беру қажет. Сонда білікті жастар Қазақстанды озық 30 мемлекеттің қатарына кіргізе алады. Бұл мақсатта не істелініп жатыр? Қазір мектеп бағдарламасының бірыңғай стандарты еңгізілуде. Жаңашылдық баланың ойлау және қарым-қабілетін арттыруға бағыталған.

Айнагүл Сұрағанова – Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Биыл 4-ші, 9-шы және 10-сы сыныптар оқытудың жаңа мазмұнына көшетін болады. Нақтырақ айта кетсем, 10-шы класстың балалары болашақ мамандықты таңдауға бағытталған бағдарлама бойынша білім алады. Мысалы, олар кәсіпкерлік пен бизнес, графика және бағдарлау, алғашқы әскери және техникалық дайындық негіздерін меңгереді.

Үштілділік те назардан тыс қалмайды. Былтыр жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейтін 121 педагог жаңартылған оқыту бойынша курстан өтіпті. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Мысалы, “Ақбота” бөбекжай-балабақшасында бұл іс 1 жыл бұрын басталған.

Жанна Әбілева – “Ақбота” бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі:

– Өзіміздің шығармашылық зерттеу жобамыз бар. Оның мақсаты – мектепке дейінгі балаларды үштілділікке баулу. Бастамаға педагог пен ұл-қыздардан бөлек, олардың ата-аналары да қатысады. Яғни, бірге жұмыс істеп, балақайларға білім береді.

Цифрландыру бағытында да біраз шаруа атқарылды. Шаһарда сандық технологияның қыр-сырына баулитын үйірмелер, мектептерде сыныптар ашылып жатыр. “Бірақ, бүгінгі жетістікпен тоқтап қалмау қажет”- дейді қала әкімі Болат Жұмабеков.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Робототехника конструктор құрауға айналғандай. Балалар дайын дүниені жинап қана шектеледі. Мұнымен тоқтап қалмау қажет. Оқушылар бағдарламалар әзірлегені жөн.

Өз сөзінде қала басшысы мектеп түлектерінің жұмыспен қамтылуына да тоқталды. Былтыр Петропавлдағы білім ұяларын 900-ге жуық шәкірт тәмамдапты. Оның 72 пайызы жоғары оқу орындарына түскен екен. Жақсы көрсеткіш, әрине. Бірақ, сол жастар өздеріне сай мамандықты таңдады ма?

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Бүгінде құрылыс саласында еңбек ететін адам тапшы. Компаниялар жоғары жалақы төлеуге дайын. Алайда, жұмыс істейтін жандар жоқ. Сондықтан, мектеп қабырғасында балаларға дұрыс білім, бағыт беру қажет деп санаймын. Кәсіпорындарға экскурсия жасау керек. Сонда жастардың мамандыққа қызғушылығы артады.

Тағы, Болат Жұмабеков салауатты өмір салтын сақтауға да тоқталды. Бүгінде қаламызда 180 спорт алаңы бар. Дегенмен, оларда ойнап жүрген ұл-қыздар аз. Себебі, көпшілігі жабық тұр. Мұны қала әкімі сынға алып, білім бөлімі мен орынбасары Асқар Хабибуллинге балаларды алаңдарға көптеп тартуды тапсырды.

Жиын марапатмен аяқталды. Ерекше көзге түскен мамандарға министрліктің және қала әкімінің құрмет грамотасы және алғыс хаттары табысталды.

Байболат  Култанов