Өнеркәсіп

Бескөлде ағаш көмірін шығаратын цех ашылды

Бүгін Бескөлде “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі қайың көмірін шығаратын цех ашты. Мұнда ағаш өндірісінің қалдықтары қайта өңделетін болады. Жергілікті ғалымдардың қатысуымен жүзеге асқан экологиялық әрі инновациялық жоба мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырылған.

Таспа қиылды! Бескөлде енді қайың ағашының көмірі өндірілетін болады. “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі ашқан цех айына 140 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Ағаш көмірі – әмбебап дүние, бірақ көбіне металлургия мен тамақ өнеркәсібінде қолданылады.

Сермұхамет Оралұлы – «Ахмутдинов» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Елдің тілімен айтсақ, кәуап әзірлеуде пайдаланылады ғой. Көмірді өзіміздің елде сатамыз, кейін шет мемлекеттерге шығарамыз деген ойдамыз. Көмір шығару былай тұрсын, біз 20-дан артық жұмыс орнын ашып жатырмыз.

“Ахмутдинов” кәсіпкерлігі ағаш өнімдерінің 60 шақты түрін жасайды. Ал өндірістен қалған қалдықтарды бизнесмен көмірге айналдыруды қолға алып отыр. Бұл – кесілген қайыңның әрқайсысы түгелдей кәдеге жаратылады деген сөз. Ал цех қандай қаржыға салынды? Бұл инновациялық жобаға отандық “Ғылым қоры” шамамен 300 млн теңгенің грантын беріпті.

Құрманғазы Омаров – ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ жобалар дирекциясының директоры:

– Бұл жобаның негізгі мақсаты – СҚО-дағы орман шаруашылығын жоғары деңгейге шығарудың аясында, оның қалдықтарын өңдеудің экологиялық технологияларын өндіріске енгізу болып табылады. Бүгінгі таңда біздің мемлекетімізде Қазақстанның ғалымдары мен өнертапқыштарына бағытталған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін гранттық қаржыландыру мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатыр.

Бірақ, балта тиген орманның орнын толтыру керек қой. Бұл да ұмыт қалмаған. Манағы гранттық жоба аясында кәсіпкерлік М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-мен бірлесіп арнайы жылыжай да салыпты. Әзірге, мұнда қарағай ағашының 4 мың көшеті өсіп жатыр. Алдағы уақытта 400 мыңға дейін жетпек. Бірақ, кесілген қайыңның орнына қарағай отырғызудан не қайыр дейсіз ғой? Ғылыми жобаның жаңашылдығы да осында болса керек.

Тимур Зверяченко – жоба жетекшісі, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті: 

– Бұл экологиялық тұрғыда тиімді. Өйткені, кесілген қайың ағашының қайта өсетін қабілеті бар. Егер балта тиген орманға қарағай көшеттерін отырғызсақ, қайың ағашы тез әрі биік болып бой көтереді.

Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтердің нәтижелерін гранттық қаржыландыру. Бұл бағдарлама отандық өнертапқыштардың тың идеяларын жүзеге асыруға қаржылай көмектесіп, жаңа технологияларды экономикаға ендіруге мүмкіндік береді. Бүгінде ел бойынша баяғдарлама аясында 158 грант бөлініпті. 5-уі теріскейде жүзеге асқан.

Саят Ермек