Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жергілікті ветеринариялық қызметке қатысты сын

Теріскейлік агробизнесмендердің аудандық және қалалық ветеринАриялық инспекциялардың жұмысына көңілдері толмайды. Сөздерінше, басы артық қағазбастылық пен бюрократияның салдарынан олар өнімдерін экспортқа уақытылы шығара алмай отыр. Ахуалды кәсіпкерлер Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұловқа жеткізді. Ол бүгін өңірге іс-сапармен келген болатын.

Арман Өтеғұлов – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы:

– Жергілікті жердегі ветеринарлардың жұмыстарын тексеріп, қарап, күнделікті болып жатқан мәселелер, соның ішінде, қол жеткізген табыстар мен кемішілктеріміз.

Бұл – Арман Өтеғұловтың өңірге сапарының басты мақсаты. Ал бизнес өкілдерінің жергілікті ветеринАриялық қызметтерге қояр сауалдары мен айтар шағымдары аз болмады. Микрофон бір минутқа да босамады. Мәселен, “Зенченко” компаниясының Петропавлдағы зауытына тауарды Ресейге жөнелту бір машақат. Бір емес бірнеше сағатты олар тиісті ветеринариялық анықтаманы алуға жұмсайтын көрінеді. Себеп, күлкілі дейді зауыт директоры.

Георгий Целых – “Зенченко и К” КС зауытының директоры:

– Олар компьютерлеріміз баяу жұмыс істейді деп жауап береді. Онда жаңа қондырғылар сатып алсын. Өйткені, жүк көлігі бір парақ қағазды күтіп сағаттап тұрады.

Петропавлдық ветеринариялық қызмет жұмысындағы бұл олқылықтан өңірлік ведомство тіпті хабарсыз болып шықты. Арман Өтеғұлов мәселені біржақты етіңдер деп тапсырды. Басы артық қағазбастылық Якорь құс фермасының да жұмысын әбден тежейді. Манағы ветанықтаманы алу үшін олар күнде 70 шақырымды еңсеруге мәжбүр.

Елена Калинко – “Якорь құс фабрикасы” ЖШС зертханашысы, Қызылжар ауданы:

– Анықтаманы рәсімдеу үшін Бескөлдегі аудандық инспекцияға көлік жіберуге тура келеді. Күніне 1-2 машинаға жұмыртқа тиейміз. Ал олар анықтама алмайынша жолға шықпайды. Мұндай проблемаға күнде кезігіп жатамыз.

Сандық технологиялар заманында анықтаманы электрондық пошта арқылы жіберуге болмай ма? Бір жапырақ қағаз үшін сонша жүгірудің не керегі бар? Төрағаның жауабы қысқа болды. Біз бұған жетеміз, бірақ уақыт керек.

Арман Өтеғұлов – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы:

– “Біздегі “е-осо” бағдарламасы 10 жыл бұрын жазылған. Оны жаңарту керек. Сонда ғана мәселе шешіледі.

Қысқасы, бизнесмендер нені қалайды? Құжаттарды алу мен рәсімдеу процесі жеңілдесе дейді. Бірақ, бұл қозғаған жалғыз түйіткіл емес. Вакцинация бойынша да ахуал көңіл көншітпейтін көрінеді.

Ерлан Алпысов – “Племзавод Алабота” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

– Біз асыл тұқымды қара мал төлін сатамыз. Былтырдан бастап “нодулдік дерматит” деген дерт пайда болды. Бірақ, субсидиямен алған тегін вакциянаның салдарынан аналық буаз сиырлардың 10-15 пайызы төлдерінен айырылып қалды.

Кениялық тегін вакцинадан қайыр болмаған соң серіктестік 5 млн теңгеге шығынданып дәріні Оңтүстік Африка Республикасынан алған. Ол көңілден шығыпты. Сондықтан, Ерлан Алпысов мырза енді осы вакцина субсидиямен тегін берілсе дейді. Комитет төрағасы жағдайдан хабарсызбын деді. Сондықтан, кәсіпкердің өтініші жауапсыз қалды.

Саят Ермек