Денсаулық сақтау

Оқушылардың денсаулығын жақсартуға бағытталған бағдарлама

Қазақстандық оқушылардың басым бөлігін түрлі дерттер мазалайды. Өзекті проблеманы шешуде отандық оқу ошақтарына “Денсаулыққа ықпалдандырушы мектептер” бағдарламасы көмектесе алады. Бұл – Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жобасы. Оның артықшылықтары  теріскейлік білім ұяларының директорларына 5 күндік арнайы сессия аясында түсінділіп жатыр.

Скалиоз, көру қабілетінің төмендеуі және семіздік. Өкінішті, әрине, бірақ мектеп оқушысы тап болатын аурулардың бұл тізімі ұзақ. Бір ғана семіздікті алып қарайықшы. Елордамен қоса, Қостанай, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы барлық оқушылардың 20 пайызында артық салмақ анықталған. Бұл – Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі. Дәл осы ұйымның бас болуымен елімізде “Денсаулыққа ықпалдандырушы мектептер” жобасы жүзеге асуда. Бастама проблеманы шешуде көмектесуі тиіс.

Зарина Керуенова – ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры орынбасарының міндетін атқарушы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Мектеп өзін-өзі бағалайды. Сол бағалаудың нәтижесінде проблемалық бағыттарды таңдайды. Бұл әр түрлі бағыттар болуы мүмкін. Мектеп сол бағытта әр түрлі шараларды жүзеге асырады. Шаралар қаншалықты нәтиже берді?! Бір жылдан кейін мектеп қайтадан өзін-өзі бағалайды.

Мұндай әдіс өзінің тиімділігін баяғыда дәлелдеген. Бір ғана Еуропада бағдарлама 90-шы жылдардан бері үздіксіз жүзеге асып келеді. Мәселен, мектепте гастритпен ауыратын оқушылар көп делік. Ендеше басшылыққа асхана мәзірі мен ауыз су сапасын жақсартуға көңіл бөлу керек. Осыны Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымымының елдегі өкілдері солтүстіқазақстандық 100-ден астам мектеп директорына түсіндіріп жатыр.

Шынымен де, дені сау бала сабағын жақсы оқиды. Сондықтан, мамандар мектептерді бағдарламаға белсенді атсалысуға шақыруда. Бүгінде 74 теріскейлік білім ошағы оқушыларының жай-күйін жақсартуды жолға қойған. Денсаулықтағы ақаулармен олар қолдарынан келгенше күресіп жатыр.

Айбек Закрин – Петровка орта мектебінің директоры, Есіл ауданы:

– Балалар интернетте көп отырып, телефонмен көп айналысқандықтан, оларды орындарынан қозғалту мәселесі туды. Грек-рим, футбол, волейбол үйірмелері мен ұлттық спорт түрлерін дамытып жатырмыз.

Бірақ, “Денсаулыққа ықпалдандырушы мектеп” бағдарламасы бойынша бөлек қаржы бөлінбейді. Мекеме шараларды өз күшімен жүзеге асыруы тиіс. Сондықтан болар, отандық білім ошақтары оған қатысуға аса құлық танытып отырған жоқ. Егер елімізде 7 мыңнан астам мектеп бар болса, бағдарламаға олардың 10 пайызы ғана қатысуда. Сарапшылардың айтуынша, баланың денсаулығы бұл ата-ананың ғана бас ауруы болмауы тиіс. Жеткіншек күннің басым бөлігін парта алдында өткізгендіктен, мектептердің бұл мәселеге көңіл аудармауы жөн болмас.

Саят Ермек