Құрылыс

Тұрғындардың шағымы

Күндіз терезеден далаға қараудан, қараңғы түссе ұйықтаудан қалған. Қалада бірнеше жыл бұрын қоршауға алынған құрылыс орнының жыры бітер емес. Брусиловский көшесіндегі 63 және 65-ші үйлердің тұрғындары шаң-тозаң мен бір сәт тыным бермейтін техника үнінен әбден мезі болған. Оқиғаның мән-жайын анықтауға арнамыздың түсірілім тобы барып, жұмыстың қашан аяқталатынын анықтап қайтты.

Бұл – Брусиловский көшесіндегі 63-ші үйдің ауласы. 5 қабатты баспананың алды әдемі қылып жасалған: мұнда гүл толған бақша, балалар алаңқайы да бар. Бірақ, нысанның келесі жағындағы көрініс мүлдем басқаша. Тұрғындардый айтуынша, жасыл ағаштардың асты қаңғыбастар жиналатын мекенге айналған. Оған қоса, кеш түсе қалса олардың қатарын маскүнемдер де қалыңдататын көрінеді.

Альфия Құрбанова:

–  Біз осында 96-шы жылдан бері тұрып жатырмыз. Бірақ, бұрындары мұнда қаңғыбастар болмайтын. Олар пайда болғалы бері маңай қоқысқа толып, жағымсыз иіс шығатын болды. Балаларымызды өздерін жалғыз аулаға жіберуге қорқамыз. Оларға қаңғыбастардың зияны тиіп кете ме деп үрейіміз ұшады.

Тұрғындарды әбігерге салған тағы бір жайт бар. Ол – жұмысы бітпеген құрылыс орны. Қалалықтардың сөзінше, мұнда осыған дейін балалар алаңқайы мен адамдар демалатын жер болған. Кейін оны теріскейлік кәсіпкерлердің бірі қонақ үй саламын деп мемлекеттен жалға алыпты. Сосын иелері айналаны қоршап, ішіндегісінің бәрін алып тастаған. Міне, талай жыл өтсе де мұнда ешқандай нысан бой көтермеген. Бірақ, бір қызығы күндіз-түні техника дыбысы шығады екен.

Любовь Луконина:

–  18, 21 Қоршауға алынған аумақта күнде түрлі дыбыстар шығады. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқанына біраз уақыт өтті. Бірақ, қонақүйді әлі көрмедік. Есесіне олардың шуынан бір сәтке демалып, тынығу мүмкін болмай қалды.

Жерді 4 жыл бұрын «Титан Север» серіктестігі жалға алыпты. Кейін олар аумаққа 9 қабатты қонақ үй салмақшы болады. Бірақ, кәсіпкер қаржылық жағынан қиындықтар туындаған соң істі біраз жылға шегерген екен.

Александр Недогарко – “Титан Север” ЖШС директорының орынбасары:

– Біз қонақ үйден бөлек тағы басқа нысандардың құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан едік. Яғни, қалада бұдан бөлек тағы 3 балабақша салдық. Сондықтан, қаражатымыздың барлығы дерлік сол нысандарға жұмсалды. Жақында олардың құрылысы аяқталды. Жоспарланған ғимараттың ісін биылдан қалдырмай бастаймыз.

Жалпы, бұл маңдағы жердің аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды. Құрылыс иелері мұндағы жұмыстарды келесі жылдың күзінде аяқтауды көздеп отыр.

Маржан Касымбек