Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір педагогтары дәстүрлі тамыз конференциясында бас қосты

Мұғалімдерді мектептен тыс шараларға тартып, баспасөзге мәжбүрлі жаздыртуды тоқтатыңдар! Өңірлік тамыз конференциясына қатысқан аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жергілікті атқарушы билік өкілдеріне осылай деді. Жаңа оқу жылының қарсаңындағы ұстаздардың дәстүрлі жиынында білім беру саласын күтіп тұрған өзгерістер мен қордаланған түйіткілдер талқыланды.

Анжелика Качкина – қалалық бірінші гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:

– Мұғалім, өзіне артылған жауапкершілкке қарамастан, төмен жалақы алады. Бұл құпия емес. Жыл сайын мыңдаған студент педагог мамандығына оқиды, бірақ айлықтың аздығынан басым бөлігі мектепке келмейді. Өйткені, жас маман ең көп дегенде 96 мың теңге ала алады.

Қатардағы мұғалімнің бұл сөздері күллі теріскей ұстаздарының қошеметіне бөленді. Себеп білгілі – айлықтың аздығы тек жас мамандарды ғана толғандырмайды. Соңғы рет маусымда педагогтардың табысы 30 процентке артқан еді, бірақ өзгерісті көбі сезбеді. Енді алдағы 4 жылда жалақы тағы 2 есеге өседі, оған қоса сынып жетекшілік пен дәптер тексеру үшін төлемдер артпақ, еңбек демалысы да ұзара түспек. Бұл – Президент тапсырмасы. Педагогтардың мәртебесін айқындайтын заңды да ұстаздар тағатсыздана күтіп отыр. Мүдделеріміз қорғалады, өзімізге жүктелген міндетті ғана атқаруға мүмкіндік туады деп сенеді олар. Өйткені, өңірде мұғалімдерді мектептен тыс түрлі шараларға мәжбүрлі түрде тарту әлі күнге дейін тыйылар емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен жылы мен жергілікті әкімдіктерге мұғалімдерді жайына қалдырыңдар деп тапсырма берген едім. Педагогтың басты міндеті – бала оқыту. Қанша дегенмен, әлі күнге дейін олардан ақша жинау, түрлі газеттерге жазылуға мәжбүрлеу сынды фактілер жетіп жатыр. Менің блогыма мұндай базыналар жиі түсіп жатады. Ескертемін, бұған тыйым салынған. Ал тыйымды елемегендерге қатысты тиісті шара қолданылатын болады.

Өлкенің білім беру саласында қордаланып қалған проблемалар аз емес. Бірінші әрі басты мәселе – бұл қала және ауыл мектептері арасындағы айырмашылық. Әр бала өзінің тұратын жері мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы білім алуға құқылы. Ал жергілікті атқарушы органдар бұған бар жағдай жасауы тиіс. Алайда, қазір ауылдардың интернет жоқ, сондықтан заман игіліктері балғындарға қолжетімсіз. Осы орайда, алматылық “Bilim Media Group” компаниясы көмекке келе алады. Олар отандық “Bilim Book” ноутбугін жасап шығарған.

Қанат Мырзаханов – “Bilim Media Group” компаниясының маркетинг департаментінің директоры, Алматы қаласы:

– Бұл ноутбуктың артықшылығы – біздің барлық ресурстар интернетсіз жұмыс істейді. Яғни, егер біз мектепке мұны қойсақ, интернет те, компьютер де керек болмайды. Осы ноутбукпен оқушылар сабағын оқып, мұғалімдер сабаққа дайындала алады. Бұл ноутбуктар, әсіресе, ауылдық жерлерде немесе шағын комплектті мектептерге өте пайдалы болып отыр.

Биылғы жылы балалар 1-шы сыныпқа 6 жастан қабылданатын болады. Бұл заң ата-аналар қауымы арасында үлкен резонанс тудырған еді. Бірақ, сала мамандары алаңдаудың еш қажеті жоқ дейді. Ұл-қызын партаға 6-да отырғыза ма, әлде 7-де ме – бұл әке-шешенің өз еркі.
Солтүстікқазақстандық мектептердің 78 пайызы шағын комплектілі, яғни мұндағы оқушылардың саны аз. Оқу ошақтарының көбі білім алушылардың жетіспеушілігінен жиі жабылып та жатады. Мәселе қалай шешілуде?

Гүлмира Кәрімова, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Ауыл мектептерін жақын маңдағы интернаттарға тіркеу жұмысын жалғастыратын боламыз. Тағы болашақта мектептердің жаңа түрін салу жоспарда бар. Бұл модульдік білім ошақтары болмақ. Яғни, егер ауыл жабылатын болса, ғимаратты бұзып, басқа елді мекенге ауыстыруға болады. Сонымен қатар, былтырдан бері облыста “Уақытша отбасы” жобасы жүзеге асырылып келеді. Биыл өзге жанұяда тұрып, білім алатын балалардың саны арта түспек.

Оқу ошақтарын қалыпқа келтіріп, тиісті жағдай жасамайынша, сапалы білім жайлы сөз қозғауға болмайды. Бұл жазда өңір мектептері белсенді жөнделді. Барлығы 300-ге жуық білім ошағы жаңартылды. Бұған бұрын-соңды бөлінбеген қаражат – 5,5 млрд теңге бағытталды. Осының арқасында қыркүйектің 1-і солтүстікқазақстандық оқушылардың тең жартысы, ал бұл – 45 мың бала, жөндеу көрген жайлы ғимараттарға аяқ баспақ. Үш ауысымдық оқыту мәселесі де шешіліп жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қыркүйектің 1-і Береке шағын ауданында 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін 900 орындық тағы бір мектеп есігін ашатын болады. Келесі жылы да қалада бір мектеп ашылатын болады.

Проблемалар мен жоспарлар ғана тілге тиек етілмеді. Тамыз конференциясының ең қызықты бөлігі алда. Мұғалімдерге білім берудің дәстүрлі әдістерінен бас тарту керек. Бұл – заман талабы, ал көмекші – шетелдік тәжірибе. Мәселен, Финляндия. Мұндағы білім беру жүйесі әлемдегі ең озық саналады. Аталған мемлекеттен арнайы шақыртылған маман Eero Ropo біздің ұстаздарға дәріс оқуда. Оқушымен қалай жұмыс істеу керек? Сабақты қызықты етіп қалай құруға болады? Ғалым бәрін жан-жақты баяндап берді.

Ал конференция соңында “ЛОРД” лицейі теріскейлік ең үздік білім беру ұйымы атанды. Оқу ошағына 34 млн теңгенің сертификаты табысталды. Тегіннен тегін емес. Бұл – көпке үлгі боларлық мектеп. Мұндағы оқушылар мен ұстаздардың өткен оқу жылындағы жетістіктері жайлы ұзақ айтуға болады.

Гүлжан Жақанова – ЛОРД мектеп-лицейінің директоры:

– Пәндік олимпиадалардың республикалық кезеңінде 4, ал халықаралық деңгейде 2 жүлделі орынға ие болдық. Биылғы жылғы түлектеріміздің барлығы ЖОО-ларға түсті, ал 80%-ы грантка ие болды. Біздің мектебіміз барлық критерийлер бойынша үздік жетістіктерге жетіп отырды. Сондықтан бұл – біздің нақты орнымыз деп есептейміз.

Ал мұнда енді іскерлік кездесу. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов алматылық “Alma U” университетінің президенті Асылбек Қожахметовпен меморандумға отырды.

Мәміленің мақсаты қарапайым. Мұғалімдерге сабақ берудің жаңашыл әдістерін үйрету. Бүгінгі ұстаз оқушыларынан қалыспай, ІТ-технологиялар мен заман игіліктерінен хабардар болуы тиіс. Университет көмекке әзір. Келісім аясында келесі жылы Айыртау аудананда “Жұмабай кэмп” лагері ашылады. Ол педагогтардың ұлттық кампусы болмақ. Тәжірибелі спикерлер, өз саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар теріскейлік қана емес, бүкіл ел ұстаздарының білімін тереңдетпек.

Саят Ермек