Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бас партия жұмысын жаңғырту жолында

Маңызды жиын, маңызды мәселелер. Кеше Елордада “Nur Otan” партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиында қоғамдық және әлеуметтік өзекті мәселелер көтеріліп, партия жүйесін қайта жаңғырту туралы нақты тапсырмалар берілді.

Жиын барысында тұрғындарды мазалап жүрген өзекті мәселелер мен жүзеге асырылуы қажет тапсырмалардың уақытылы орындалуы талқыланды. Тағы, партияның жұмысын жаңғырту қажеттігі туралы айтылды. Бас партия енді қоғамдық, әлеуметтік және экономикалық ұйымдардың өміріне белсенді атсалыспақ. Бұл ретте денсаулық сақтау саласының өкілдері өз пікірлерін білдірді.

Олег Завьялов – облыстық көп бейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Денсаулық сақтау саласында жаңа мекемелердің құрылысына баса мән беру керек. Кейін, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ойлаған абзал. Негізі, жас мамандарға жақсы қолдау көрсетіледі. Біздің өңірімізде медициналық кадрлар тапшылығы мәселесін шешу қажет.

Елбасы “Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – “Nur Otan” партиясының 7 серпіні» атты бағдарлама ұсынды. Оның аясында жауапкершілікті күшейту мен партия мүшелерін жаңарту туралы сөз қозғалды. Енді осы бастама аясында партияға жастарды көптеп тарту жағы қарастырылатын болмақ.

Абылайхан Қайроллаев- «Jas Otan» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы:

– Бұл отырыста маңызды сұрақтар талқыланып, жастар саясаты жайлы көптеген мәселелер қозғалды. Бүгінгі күні үлкен лауазымдарға жастардың тағайындалуы үлкен стимул болып табылады. Мысалы, кеше ғана бюро қатарына біздің «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы болып Дәурен Кәрімбек тағайындалған болатын.

Сөз соңында бас партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев алға белгіленген жұмыстар елімізді озық дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу мақсатында қолға алынып жатқанын айтты.

Актолкын Солтанханкызы