МТРА жаңалықтарыҚұрылыс

Қызылжар ауданында кірпіш зауыты жұмыс істеп тұр

Қызылжар ауданында кірпіш зауыты жұмыс істеп тұр. Кәсіпорында тәулігіне 20 мың дана қыш жасалады. Өнімге деген сұраныс та күн санап артып жатқандықтан, келешекте өнімділікті арттыру көзделіп отыр.

Зауыт өткен жылдың сәуір айында іске қосылған. Мұнда негізінен 100 және 125 маркалы кірпіштер жасалады. Қыштардың бұндай түрі көбінесе көпқабатты үйлердің құрылысында қолданылады екен. Өнімдер толықтай жергілікті шикізат есебінен өндіріледі.

Бегалы Мұхамедов – «Солтүстік кірпіш» ЖШС құрылтайшысы:

– Осында 2 карьеріміз бар. Сол жерден ақ және қызыл топырақ тасимыз. Кейін оны цехқа алып келіп қалыпқа саламыз. Сосын пешке күйдіріп болған соң осындай қыш шығады.

Қазір жұмысшылар арнайы қалыпқа салынып, пішінделген қышты пешке салуға дайындауда. Кейін, арбалар арқылы қазандыққа кіргізіп, оның ішінде 900 градус температурада 1 сағат бойы күйдіреді. Қышты күйдіріп болған соң пештен шығарып, суытады. Бұл жерге осындай 27 арба сыяды. Әрбіреуінде 1000 кірпішке дейін бар. Кейін дайын болған өнім өңіріміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.

Бегалы Мұхамедов – «Солтүстік кірпіш» ЖШС құрылтайшысы:

– Қазір өнімге сұраныс артып келеді. Сатып алушылар күнде келеді. Бүгін ғана 100 мыңға жергілікті компаниялардың бірімен келісім шарт жасастық.

Жалпы, зауытта биылдың өзінде 700 мың дана қыш жасалған. Қазір мұнда жаңа техника орнатылып жатыр. Оның көмегімен келешекте өнімділікті арттыру көзделіп отыр екен. Кәсіпорында 25 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

 

 

 

Бердимурат Баймухан