Әр түрлі

Петропавлдағы кәсіпорын жылына 60 мың матрас жасайды

Ыңғайлы әрі сапалы, бастысы қолжетімді. Қаладағы «Жиһаз Петропавловск» зауыты бір күнде 45 түрлі матрастың 150 данасын әзірлейді. Тауар нарықта жоғары сұранысқа ие. Сондай-ақ, Ресей еліне де экспортталады екен.

Бұл теріскейлік – «Жиһаз Петропавл» зауыты. Мұнда жерлестеріміз қолданатын матрастардың түр-түрі дайындалады. Сондай-ақ, кәсіпорын әзірлеген тауарлар тұтынушылар тарапынан жоғары сұранысқа ие көрінеді. Өйткені, матрастарға ел тұрғындарынан бөлек көршілес Ресейдің азаматтары да қызығушылық танытып, жиі тапсырыс береді екен.

Станислав Полукеев, «Жиһаз Петропавловск» ЖШС директоры:

– Мұндағы техниканың жартысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегімен сатылып алынды. Өткен жылы 50 млн теңге көлемінде 15 пайызбен несие алып, кәсібімізді бастадық. Қазір ортопедиялық матрастар жасап жатырмыз. Міне, екі жылдан бері бізде өндірілетін тауарлар еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі. Тауарлар қашанда тұтынушылар тарапынан жоғары бағалануда.

Жалпы, теріскейлік зауыт өз жұмысын 2000 жылдың басында бастапты. Алғашында кәсіпорын тек үй жиһаздарын әзірлеумен айналысқан. Тек екі жыл бұрын ғана матрастарды дайындауға көшкен екен.

Мұндағы жұмыстардың басым бөлігін Германиядан әкелінген заманауи техника атқарады. Ал құрылғының жұмысын 50 маман жіті қадағалап отырады. Алексей Немцов кәсіпорында 2 жылдан бері істеп келеді. Ол күніне 400 метр матаны әзірлейді екен.

Алексей Немцов, «Жиһаз Петропавловск» ЖШС жұмысшысы:

– Бұл білдек түрлі маталарды қабаттап тігіп, олардың бетіне өрнек салады. Сонымен қатар, матрастардың көлеміне сай өлшеп кеседі. Машинадан күніне 400 метр мата өтеді.

Кәсіпорында тәулігіне 45 түрлі матрастың 150-ге жуық данасы дайындалады. Мамандардың сөзінше мұндағы тауарлардың бағасы да айтарлықтай қымбат емес. Мәселен, 2 метрлік матрастың құны 21 мың теңгеден басталады. Ал бұл шетелдік тауарлардан әлдеқайда арзан. Есесіне матрастардың сапасы көңіл қуантады.

Бердимурат Баймухан