Бизнес және экономикаҚұрылыс

Бюджеттік үйлерді салуға ден қою қажет

Мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болғысы келетін жерлестеріміздің басым бөлігі көптен күткен пәтерлерін қайталама нарықтан алуға мәжбүр. Өйткені, Петропавл бойынша бой көтеріп жатқан жаңа үйлердің бағасы тым қымбат. Өзекті мәселені бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өңірлік филиалы мен теріскейлік құрылыс компанияларының басшылары талқылады.

“Әскери баспана”, “Бақытты отбасы” – соңғы бірер жылда Қазақстанда осындай жаңа ипотекалық бағдарламалар пайда болды. Олардың шарттары тиімді, сондықтан жұртшылық тарапынан сұраныс бар. Бірақ, құрылыс компаниялары элиталық үйлерді тұрғызуға ден қойып отыр бүгінде. Ал ондағы пәтерлердің бағасы мемлекеттік бағдарламалардың шарттарына да, бұқара қалтасының қалыңдығына да сай келмейді.

Алмас Жапабаев – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры:

– Элиталық пәтерлердің бір шаршы метрі 210 мың теңгеден басталады. Оған қоса мұндай баспананың іші бөлінбеген, әрленбеген. Сондықтан, жөндеуге де қаржы жұмсау керек. Бұл қарапайым отбасы үшін қымбат.

Биыл тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өңірдегі филиалы 200 әскериді, тағы сонша көпбалалы және аз қамтылған жанұяны ипотекалық баспанамен қамтымақ. Алайда, жаңа әрі қолжетімді пәтерлердің жоқтығынан жұртшылық оларды қайталама нарықтан іздеуге мәжбүр. Сондықтан, банк жергілікті құрылыс компанияларын бюджеттік үйлерді көптеп тұрғызуға шақырады.

Алмас Жапабаев – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры:

– Жылына біз 4 млрд теңгенің ипотекасын қайталама нарықтағы пәтерлерге береміз. Бұл баспанаға деген сұраныстың жоғары екендігін көрсетеді. Яғни, егер құрылыс компаниялары жаңа үйлерді көптеп салатын болса, оларды да біз еш қиындықсыз сатып бере аламыз.

Құрылысшылар мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға, қолжетімді баспананы тұрғызуға әзір-ақ. Бірақ, бұған шаһардың кей аудандарында инженерлік желілер мен инфрақұрылымның жоқтығы тежеу болып тұр.

Сергей Тимофеев, «Основание» ЖШС директоры:

– Мәселен, маған Жас Өркенде үй салған тиімдірек. Қымбаттау болса да, бұл аудандағы үйлерге сұраныс жоғары. Өйткені, барлық жағдайлар жасалған. Берекеде жер көп, арзанырақ баспана тұрғызуға болар еді. Бірақ, онда инфрақұрылым дамымаған.

Салдарынан, жерлестеріміздің дені Берекеден баспаналы болуға тіптен құлықсыз. Қала басшылығы мәселені назарсыз қалдырмаймыз дейді. Жол, су, жылу – бәрі жоспарға сай салынады, тартылады. Шаһар әкімінің орынбасары Қайрола Ғалеев Жас Өркенде де бюджеттік баспана тұрғызуға болады дейді. Бүгінде Горький мен Алтынсарин көшелерінің арасындағы учаскелер дайын тұр. Ал құрылыс бастауға қаражаты жетпей жатқан компаниялар екінші деңгейлі банктерден қосымша кредит ала алады. Жылдық пайыздық үстеменің 7 процентін “Даму” қоры субсидиялауға әзір. Қысқасы, алаңдамай, тұрғыза бер.

 

 

Саят Ермек