Денсаулық сақтауҚұқық қорғау органдары

Биылдан бастап наркологиялық көмек қолжетімді бола түсті

Облыс бойынша осынша нашақор бүгінде наркологиялық есепте тұр. 8-і – кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Олар, әсіресе синтетикалық есірткіге құмар. Ең өкініштісі, түрлі тұздар мен спайсты интернет иірімдерінен сатып алу да еш қиындық тудырмайды. Еліткіштің қармағына ілігіп, құрсауына түскен бұл жандардың ақыры соңында психикасы бұзылады, ал дені өмірімен қош айтысып жатады. Қанша дегенмен, тәуелділікті жеңіп, емделіп шығуға болады.

Міне, “жаман” жолдастар, есірткі, ал соңынан тәуелділік. Небәрі 16 жастағы бұл жасөспірім осыдан 2 жыл бұрын синтетикалық спайсты шегіп көреді. Алдымен, жай ғана ермек үшін, ал кейін қалтадағы ақшасының бәрін еліткішке жұмсай бастайды.

– Денең әлсізденеді, қимыл-қозғалысың баяулайды, айналадағы адамдардың бәрі саған қарап тұрған секілді күй кешесің. Миыңның әрбір жасушасы жұмыс жасап тұрған секілді болады, өзіңді ақылды сезінесің. Қысқасы, белгілі бір уақыт ертегі әлемінде боласың.

Бірақ, ақыл-ой мен сана есірткі беретін ләззаттан күштірек болып шыққан. Осымен екінші апта Кирилл психикалық денсаулық орталығында өз еркімен емделіп жатыр. Өйткені, бозбала түсінеді, кейін тым кеш болуы мүмкін.

– Қызығушылығымның күн санап артып бара жатқанын байқадым. Сондықтан, тоқтауды шештім. Әке-шешемді аядым. Олар мені бернеше рет мас күйімде көрді. Қанша ұрысқанымен, көмектеспеді. Олардың үмітін ақтап, дені сау адам ретінде өмір сүргім келеді.

Орталықтың тағы бір пациенті – 33 жастағы Александрдың оқиғасы мүлде басқа. Жол апатына ұшыраған соң оған дәрігерлер ауруды басатын трамадол препаратын беріп тұрған. Сергектік пен жеңілдік сыйлайтын, бойға күш беретін опиум аналогы жас жігітке ұнап қалған. Емделіп шыққаннан кейін оны іздей бастайды, дилерді де табады. Осылайша, 5 жылға қалай тәуелді болғанын білмей де қалады. Бірақ, Александрды тура жолға түсірген – жанұя мен оның болашақ туралы ойлары.

– Ұлым бар. Оған үлгілі әке, ал келіншегіме жақсы жар болу үшін емделуді шештім. Өзім балалар үйінде өстім. Ұлымның да әкесіз ер жеткенін қаламаймын. Табысты жұмысым бар. Ақшаны өзімді өзім улауға жұмсағанша, жанұяма жұмсағаным артық қой.

Анонимдікті сақтау үшін кейіпкерлердің есімін біз өзгерттік. Олар уақытылы тоқтай білді. Ал бұл кесел құрсауынан шыға алмай жатқандар қаншама? Бірақ, шығуға болады, ынта, ішкі күш-жігер, рухани қолдау болса дейді мамандар. Облыстық психикалық денсаулық орталығындағы наркология бөлімшесінің дәрігерлері көмек сұраған әр жанға қол ұшын созуға дайын.

Саят Ермек – тілші:

 – Ең бастысы, емделуге бел буу дейді мамандар. Ал тәуелділіктен арылуды шешкен жандарға мұнда жан жақты, кешенді көмек көрсетіледі. Алдымен, детоксикация, яғни есірткі ағзадан толығымен шығарылады. Бұдан соң түрлі дәрі-дәрімектер егіледі, психолог-психотерапевттермен әңгімелесу жүргізіледі, спорт-терапия да жасалады. Емделудің ең максималды уақыты – 1 ай.

Нашақорлар, ішімдікке құмарлар – бөлімшеде мәжбүрлі емес, ерікті түрде 65 адам емделіп жатыр бүгінде. Дәрігерлердің айтуынша, биылдан бастап наркологиялық көмек қолжетімді бола түсті.

Марианна Морожникова – облыстық психикалық денсаулық орталығы наркология бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Адам өзі тіркелген емханадағы наркологиялық кабинетке жүгініп, анализдерді тапсырады, медициналық тексеруден өтеді. Кейін біздің бөлімшеге келіп, емделеді. Оңалту шараларының бәрі тегін.

Бір ғана Петропавл бойынша 700-дей адам бүгінгі таңда наркологиялық есепте тұр. Былтырғыға қарағанда олардың саны 100-ге кеміген. Дегенмен, бұл көбіне нашақорлардың жазым болуы не көшіп кетуімен байланысты дейді мамандар. Ал уақытылы басталған ем тәуелді жанның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермек.

 

 

 

 

Саят Ермек