Әр түрлі

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Бүгінде 200 мыңға жуық солтүстікқазақстандық спортпен тұрақты түрде айналысады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мамандарының сөзінше теріскейліктердің басым бөлігі денсаулықтарына бей-жай қарамайды. Оған қоса жерлестеріміз дұрыс тамақтану қағидаларына да баса көңіл бөледі екен.

Адам жасының ұзақтығы оның тамақтануына тікелей байланысты. Егер денсаулығыңызға мән бермей, мөлшерінен көп ас ішсеңіз семіздікке ұшырауыңыз әбден мүмкін. Ал артық салмақ түрлі ауруға әкеп соқтырады. Бұны ескерген диетолог мамандар тамақтанудың өзіндік шарттарын түсіндірді.

Лариса Михалева, СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері:

– Адам дұрыс тамақтанбаудың салдарынан асқазан-ішек жолдары және жүрек-қантамырларының дертіне душар болуы мүмкін. Сондықтан, ағзаның жұмыс істеу қабілетін арттыру үшін тамақты күніне 4 мезгіл, мөлшерімен ішу керек. Таңғы, түскі, түстен кейінгі және кешкі астың арасы 4 сағаттан аспағаны жөн. Сондай-ақ, кешкі асты ұйықтардан 2 сағат бұрын ішу керек.

Алма, алмұрт, қияр, қырыққабат, сәбіз, қызанақ, тәтті бұрыш. Мамандар қатты ашыққан кезде тамақтанбас бұрын салат түрінде немесе бүтіндей шикі жеміс-жидек жеуді ұсынып отыр. Түрлі көкөністер де асқазан-ішек жолдарының жұмысын одан әрі жақсартып, ішек микрофлорасын қалыпқа келтіреді екен.
Сондай-ақ, диетологтар қиын жұмыстан кейін, бойды эмоция билеп тұрған шақта, немесе жаурап қалған кезде бірден ас ішуге болмайтынын қатаң ескертті. Өйткені, ондай жағдайда адам ағзасы ас қорытуға толық дайын болмайтын көрінеді. Оған қоса, тұтынатын тауардың сапасы белгілі талаптарға сай болуы керек.

Лариса Михалева, СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері:

– Тұрғындар тағамды тұтынбас бұрын оның сапасына баса назар аударғандары жөн. Өйткені, ас құнарлы болмаса ағзамыз сыртқы ортаның әсеріне төзімділігін жоғалтады. Біздің бойымызға күш беретін негізгі элементтер олар: минералдар, ақуыздар, көмірсулар мен дәрумендер. Сол себепті, тауарды сатып алмас бұрын оның сақталу мерзіміне мұқият болу қажет.

Мамандардың сөзінше, спортпен айналысудың да денсаулыққа тигізер пайдасы көп. Мәселен, үнемі бір сағаттық жүгірудің арқасында адамның жасы 7 сағатқа ұзарады екен. Мұны теріскейліктер жақсы білсе керек, жылда түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып тұрады әрі белсенді қатысады деуге болады. Соның бірі – жуырда облыс орталығында өткен марафон. Оның өзіне 300-ге жуық жерлесіміз қатысып, өзара сайысқа түсті.

Вадим Левченков – спортшы:

– Мен салауатты өмір салтын ұстануды қолдаймын. Жеңіл атлетикадан бөлек, спорттың басқа түрлерімен де айналысамын. Өзімді қашан да сергек сезіну үшін уақытылы тамақтанып тұрамын. Сондай-ық, адам өмірін құртатын түрлі зиянды заттардан аулақ болуға тырысамын.

“Спорт-денсаулық кепілі” демекші, өңірімізде бүгінде шамамен 200 мыңға жуық адам тұрақты түрде спортпен айналысады.

 

 

 

Маржан Касымбек