Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Орақ науқаны қарсаңында табиғи өрттердің алдын алу қажет! Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 3-ші кезеңінде құрылыс саласына басымдық берген жөн! Жалақысы жоғары жалдамалы ойыншыларды қысқартып, оларға берілетін ақшаны балалар спортына жұмсаған абзал! Бұл – облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құзырлы орган өкілдеріне жүктеген тапсырмасы.

Әкімдік қабырғасында ұйымдастырылған кезекті отырыс кадрлық ауыс-түйістен басталды. Бұл жолы 3 бірдей мемлекеттік қызметші лауазымды орынға тағайындалды. Алдымен көпшілікке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ернар Баянғазин таныстырылды. Кейін, Құралбек Атамұратов – мәдениет, архивтер және құжаттама, ал Алмас Қошманов жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары болып бекітілді. Бұдан соң жиынның негізгі бөліміне де кезек келді. Алғашқы тақырып – табиғи өрттердің алдын алу.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Өртке қауіпті маусым басталғалы бері елімізде өткен жылмен салыстырғанда орман өрті 1,5 есеге көбейді. Салдарынан 65,4 мың гектар аумақ зардап шекті. Материалдық шығын 73 пайызға артып, 211 млн теңгені құрады.

Ал біздің өңірдегі жағдай қалай? Теріскейдегі ахуал мәз емес. Биыл өңірімізде өткен жылмен салыстырғанда орман өрті 1,5 есеге артып, 20-ны құрапты. Келтірілген шығын көлемі де әжептеуір ұлғайған. Рамиль Камалов баяндамасында төтенше жағдай жиі тіркелген аудандарға да тоқталды. Көш басында – Айыртау. Мұнда 2019-да 11 мәрте қызыл жалын қауіп төндірген. Басты себеп – жол бойында минералданған жолақтардың жоқтығында. Жергілікті атқамінерлер тиісті шаруаны атқаруға жауапты компаниялармен келісім шарт жасаспапты. Бұны өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов қатаң сынға алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жол бойын өртке қауіпті маусым басталар алдында жырту қажет қой. Бұл сіздерде әлі жасалмаған. Тиісті шаруаны қарашада атқарасыздар ма? Айыртаудың табиғаты сұлу, курорттық аймақ дейміз. Бірақ, ешқандай қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Іске жауапсыз қарауға болмайды.

Тиісті шаруа неге атқарылмады? Мұны Құмар Ақсақалов Айыртау ауданының басшысы Бейбіт Исмановтан сұрады. Бірақ, атқамінер жағдайды түзейміз деп қана қысқа жауап қайырды. Осы орайда өңір жетекшісі облыстық төтенше жағдайлар департаменітінің бастығына әкімдермен бірлесе отыра орақ науқаны қарсаңында бақылауды күшейтуді тапсырды. Келесі сұрақ индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына қатысты болды. Бұл – жобаның 2-ші кезеңі. Мұнда өлкемізде жалпы құны 37 млрд теңгені құрайтын 41 бастама қолға алыныпты. Әрине, жақсы көрсеткіш. Бірақ, үкіметтен ақша алып алып, жөнді жұмыс істемейтіндер де бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– «Тайынша сүті» 25% қуаттылықта жұмыс істеп жатыр. Жазғы кезеңнің өзінде осындай көрсеткіш. Инвесторлардың ісіне көңіл толмайды. Олар тек өнім алғанды ғана қалайды. Қаржы құйып, кәсіпті өркендеткісі келмейді.

Сөз барысында Құмар Ақсақалов Тайынша ауданының әкіміне жағдайды жедел түрде түзеуді тапсырды. Алдымызда индустриялық-инновациялық дамытудың 3-ші кезеңі басталады. Мұнда неге басымдық берген жөн? Облыс әкімі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, қарапайым заттар экономикасына және құрылысқа назар аударуды жүктеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізде құрылыс саласы мүлде дамымаған. Қажетті дүниенің барлығын сырттан сатып аламыз. Кірпішті, цементті, тіпті қиыршық тасты да әкелеміз. Өз ақшамызды басқа облыстарға береміз. Мұнын алдын алу қажет. Барлығын өзімізде жасаған дұрыс.

Соңғы сауал өңірдегі спорт саласын дамытуға қатысты болды. Облыста бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ, жергілікті клубтарға сыртта ойыншы тарту әлі де бар. Легионерлердің жалақысы біздің спортшылардан әлдеқайда көп. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов жалдамалы ойыншылардың санын қысқартуды тапсыра келе, оларға жұмсалатын ақшаны жергілікті жастарға бөлу әлдеқайда дұрыс болатындығын айтты.

 

 

 

Култанов Байболат