Мәдениет

“Ботай” мәдениеті мен тарихи тұрақтың дамуы талқыланды

Осыдан 39 жыл бұрын Ботай тұрағы табылып, төрткүл дүниеге белгілі болды. Осы уақыт аралығында бұл мекеннен жүздеген мың артефакті анықталып, жіті зерттелді. Солтүстік Қазақстан облысы аумағында орналасқан тарихи ескерткіш былтырдан бері музей-қорық статусына ие. Осы айтулы оқиға және археологтардың бейресми мейрамына орай Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөлде алқалы жиын өтті.

Айыртаудағы Ботай тұрағы. 20 гектарлық бұл аумақ күллі әлем ғалымдарын тартады. Неге екені айтпаса да түсінкті.

Саят Ермек – тілші:

– Осыдан тура 6 мың жыл бұрын дәл осы жерде ботайлықтардың қоныстанғаны, әрине, таң қалдырады. Бірақ, бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген факт.

Жабайы жылқы тұңғыш қолға үйретілген мекен. Ботай дегенде көпшіліктің ойына келетіні – осы. Бірақ, ғылыми қауымдастықта бұл пайымдау әлі күнге дейін дау тудырып келеді. Тіпті, Ресей немесе Украина аумағында асауға алғаш тұсау салынды деген пікір бар. Алайда, биология ғылымдарының докторы Мұрат Нұрышев мұны жоққа шығаруда. Оның сөзінше, әлемдегі барлық тұқымы асыл жылқының арғы атасы – ботайлық арғымақ.

Мұрат Нұрышев – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Біз қазір мұны зерттеп дәлелдеп жатырмыз. Ағылшынның, арабтың асыл тұқымды жылқыларының бәрінде Ботай жылқысының қаны бар. Олардың ДНҚ-ларын зерттегенде, ағылшындық ғалымдар 2,7% ботайлық арғымақтың қанын тапты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, өтйкені одан бері 6 мың жыл өтті ғой.

Ботайды осыдан 39 жыл бұрын жерлес археолог Виктор Зайберт тауып, бүкіл ғаламшарға танытқан болатын. Содан бері, энеолит дәуіріне жататын тұрақта атқарылған жұмыс жайлы ауыз толтырып айтуға болады.

Саят Ермек – тілші:

– Соңғы 39 жылдың ішінде археологтар 15 мыңдай шаршы метр жерді аршыған. 100-ден астам тұрғын үйдің орнын зерттеп, 200 мыңнан астам жәдігер, 10 мыңнан астам сүйек тауыпты. Ең қызығы, сүйектердің 99,9% жылқы малына тиесілі. Бірақ, Ботай әлі күнге дейін зерттеліп келеді, өйткені зерттелетін дүние жететін. Сондықтан, қазба жұмыстары бүгінге дейін жүргізілуде, алдағы ондаған жылдарда да тоқтамақ емес.

Ұлыбритания, Франция, Қытай, АҚШ, Германия, тіпті, Дания мен Литва. 10-нан астам мемлекет пен 30-дан астам шетелдік ғалым бүгінде Ботай мәдениетін терең зерттеуге ден қойған. Жетістіктер таң қалдырады.

Виктор Зайберт – археолог, тарих ғылымдарының докторы:

– Шетелдік ғалымдардың мүмкіндіктері зор. Олар бізде жоқ нанотехнологияларды пайдаланады. Осының арқасында Бристоль университетінде Ботайдан табылған қыш ыдыстан қымыздың молекулалары анықталды. Тіпті, бірнеше жебеден қан молекулалары табылып, зерттелді.

Ал тура бір жыл бұрын Ботай музейге айналды. 40 жылға жуық уақыт бойы арехолог-ғалымдардың төккен терінің нәтижесі – осында. Қазбалардан табылған артефактілер де, интерактивтік аумақ та бар мұнда. Қысқасы, ботайлықтар қалай өмір сүрді, немен қоректенді, қайда тұрды – бәрін білуге болады.

Өмірсерік Ерғалиев – “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсия жүргізушісі:

– Жердің асты 1-1,5 метр қазылған, үсті ағашпен қоршалған. Оның үсті шым, саз балшық және жануарлардың терісімен қапталған. Үйдің ортасында түндік бар. Қыстыгүні ботайлықтар есіктерін қар алып қалған кезде осы түндік арқылы сатымен шыққан. Көше бойынша 10-15 үйден орналасса, олардың бір-бірімен жерасты байланысы болған.

Бүгінде музей – шағын ғана ақ шатыр. Ал жоспарлар ауқымды – алдағы 5-10 жылда тұрақты әлем туристері мен тарихшыларын тартатын мекенге айналдыру.

Уәлихан Құлбаев – “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:

– Біздің Ботайды бүкіл әлемге танытарлық күшіміз бар. Алдымыздағы жылдары визит-орталық салайын деп жатырмыз. Оның ішінде зертханалар мен музей, келген кісілерге арналған жатақхана да болады. Үлкен туристік кластерге айналады деп отырмыз. Алматыдағы әл-Фараби университеті мен Қостанайдан студенттер болып, жұмыс істеді. Ұлыбританиядан да ғалымдар келді.

Саумалкөлдегі бұл дөңгелек үстелде Ботайды одан әрі дамыту түйіткілі кеңінен талқылануда. Бүгінде тұрақ киелі мекендердің республикалық картасына кіреді. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Өйткені, әлемге жылқы шаруашылығын сыйлаған мәдениет еліміздің визиттік картасына айналуы тиіс.

Құралбек Атамұратов – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Ботай мәдениеті Ұлы даланы әлемге танытқан ескерткіш екені сөзсіз. Сондықтан, бұл – облысымызда “Рухани Жаңғыру” бағдарламасын іске асыру және туристік мүмкіншілікті арттыру аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты тірегі және бет-бейнесі болып табылады.

Ботай жайлы жазылған ғылыми еңбектер көп, ал отырыста олардың саны тағы біреуімен толықты. Виктор Зайберт бірнеше отандық және шетелдік ғалымдармен бірлесе жазған жаңа кітабының тұсауын кесті. Ол – “Ботай мәдениетінің киелі контекстері” деп аталады.

Саят Ермек